Пәтер алып беремін деп 227 адамды алдап соққан
Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына кезекке қойып, пәтер алып беремін деп 227 адамды алдады. Осындай күдікпен Астанада 33 жастағы тұрғын ұсталды. Мұны қалалық Полиция департаментінің өкілдері растады. Ресми дерек бойынша келтірілген шығын көлемі 3,5 млн теңгеге жуықтайды. Интернет алаяқтықтың жаңа схемасы жайлы Аида Ахметбек рет-ретімен.
«Сатып алу құқығымен жалдамалы пәтер» бағдарламасына кезекке іліндім деп қуанған Жазира алданғанын кеш білген. Желідегі жалған хабарламаға сеніп, бейтаныс адамға 15 мың теңгесін аударып жіберген. Онымен қоймай 40-қа жуық танысына, алаяқ деп танылған күдіктінің нөмірін берген. Енді таныстары ақшамды қайтар деп талап етіп отыр дейді.
Жазира Қонысова:
Мәліметімді жібердік, сосын маған қорытынды келді. «Құттықтаймын, сіз жалғыз басты ана ретінде 1 бөлмелі үйді ұттыңыз» деп сүйдеді, сосын мен сол хабарламаны статусқа қоямын, статусқа қойғаннан кейін барып, таныстар шыға бастады, солай номерді бергенім бар енді.
Қазір бұл іс бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Күдіктінің кінәсі расталса, Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-тармағы негізінде жаза тағайындалуы мүмкін.
Азамат Серікбай, Алматы ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:
Мұндай алаяқтық фактісі тіркелгенін растаймыз. Қазанның 4-інен бастап арыз жазушылар жүгініп жатыр. 3,5 млн тенге сомасында тұрғындарға залал келтірілген. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Күдікті деп танылған 33 жастағы азаматша өз кінәсін толық мойындап отыр.
Желіде мұндай жарнама хабарландырулардан көз сүрінеді. Бірақ қайсысы жалған, қайсысы шындық ажырату қиын. Өкініштісі көмек сұрап хабарласатындар көбеймесе, азаймай отыр. Өзін брокер ретінде таныстырған әлеуметтік желідегі кез-келген адамға сене беруге болмайды дейді «Отбасы банк» өкілдері.
Дидар Күлпейісов, «Отбасы банк» АҚ бірінші баспанамен қамтамасыз ету орталығының басшысы:
«Өркен Отбасы банк» деген кезекке тұру үшін бізде арнайы портал жасалды. Портал арқылы үйге мұқтаж адамдар кезекке тұра алады. Біздің портал 15 мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған. Кезекке тұрғызу мемлекеттік қызметке жатады. Ешқандай төлем қажет етілмейді. Адамдар ақылы түрде кезекке тұру қызметін ұсынса, ол – заңсыз.
Аида Ахметбек, тілші:
Бір ғана Астананың өзінде кейінгі 10 айда 3 мыңнан аса интернет алаяқтық дерегі тіркеліп, 2,5 млрд теңге көлемінде шығын келтірілген. Полиция департаментінің өкілдері әлеуметтік желідегі бейтаныс адамдардың жалған уәдесіне сене бермеуге шақырады. Қарапайым ережелерді үнемі есте сақтауды ескертеді. Бөгде адамға SMS-кодтар мен құпия сөздерді бермеу, күдікті сілтемелерге өтпеу және ақша аудару жайлы өтініштерді орындауда мұқият болған абзал дейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы