Басты Жаңалықтар Президент жолдауындағы басым бағыттар талқыланды

Президент жолдауындағы басым бағыттар талқыланды

Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді халыққа түсіндіру жұмыстары Алматы облысында жалғасып жатыр. Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері өңір тұрғындарымен кездесіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басым бағыттарды талқылады. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Алматы облысындағы кездесулерде өңірдің өзекті мәселелері назардан тыс қалмады. Үш ауысымды мектептер, емхана тапшылығы және инфрақұрылымның жай-күйі сөз болды. Қонаев қаласындағы жиында арнайы топ жолдауда айтылған бастамаларды түсіндіріп берді. Әсіресе, ерекше мәртебеге ие болған Алатау қаласының дамуына артылатын үміт зор, - деді Құрылтай депутаттары.

Ләззат Жылқыбаева, ҚР Құрылтайының депутаты:

Бұл Алматы қаласының халқы үшін ең алдымен жұмыс орындары тұрақты жағдай жасалуы. Жолдар, инфрақұрылымдардың дамуы бұл тікелей, әсіресе, осы Алатау қаласы орналасқан территорияның төңірегіндегі халыққа өмір сүруіне тікелей әсер ететін жағым фактор болатынына мен сенімдімін.

Осындай кездесу Қарасай ауданында да өтті. Жиынға Энергетика вице-министрі, Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қатысты. Басқосуда энергетика саласын дамыту, әлеуметтік нысандарды жаңғырту және халықты қолдау мәселелері талқыланды.Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарынажауап алды.

Арман Жансеңгіров, ҚР Құрылтайының депутаты:

Келесі жыл Мемлекет басшысының бастамасымен «Халықтық құрылыс» жылы деп жарияланды. Ауқымды жобаларды жүзеге асыруға 6,5 триллион теңге бағыттау жоспарланған. Сондай-ақ, 1,5 триллион теңге әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Бұл бастамалар өңірлердегі инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге, халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Республикалық топ Іле ауданының тұрғындарымен де жүздесті. Мұнда өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, жол және инженерлік желілерді жаңарту мәселелері қозғалды. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу мен салық түсімін арттырудың маңызы айтылды.

Жанарбек Әшімжан, ҚР Құрылтайының депутаты:

Жалпы халықтың сұрақ сауалдары мына әлеуметтік салаға көптеп қойылуда. Мемлекет басшысының жолдауында да бұл айқын көрсетілген. Айқын айтылған. Жалпы Алматы облысы ғана емес, республиканың біраз жағдайларында біраз өзгеріс болады деп толық сеніммен айтуға болады.

Кездесулердің басты мақсаты – Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіріп қана қоймай, олардың өңірлерде жүзеге асуына қатысты тұрғындардың пікірін тыңдау. Өйткені, ел дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі – халықтың тұрмыс сапасы. Бұл ретте әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі, тұрақты жұмыс орындары мен қолайлы инфрақұрылым аса маңызды.

Бөлісу