Басты Жаңалықтар Қазақ музыкалық-драма театрының қазығы қағылды

Қазақ музыкалық-драма театрының қазығы қағылды

Бүгін Көкшетауда Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының жаңа ғимаратының қазығы қағылды. Заманауи талапқа сай мәдени нысанның құрылысы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынды. Жалпы, соңғы үш жылда Ақмола облысында 132 әлеуметтік нысан салынып, пайдалануға берілді. Ал бүгінде өңірде 52 нысанның құрылысы жүріп жатыр.

Жаңа театр Сарыарқа шағынауданында бой көтермек. Ол үшін әкімдіктен 4,5 га жер бөлінді. Мәдени нысан 300 көрерменге арналған және заманауи сахналық, жарық беру әрі дыбыс жабдықтарымен қамтылады деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, құрылғанына 30 жыл болған театр ұжымы осы уақытқа дейін өнер ордасына лайықталмаған ескі ғимаратта жұмыс істеп келеді. Сондықтан жаңа жоба өңірдің мәдени инфрақұрылымын жаңғыртуға серпін бермек.

Жарас Қалдаров, Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының директоры:

Бұл театрымыздың 30 жылдық биылғы тарихындағы алғашқы қуанышымыз. Көптен күткен қуанышымыз. Академияны бітіргелі жатқан бір топ студенттермен, болашақ әртістермен ауызша келісімшарт жасап жатырмыз. Болашақта Бір топ әрітестер жаңа ғимаратта біздің әртістермен бірігіп, үлкен жұмыстар атқарады деп ойлаймыз. Ұжым ұлғаяды.

Аймақта мектеп құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, бүгін Көкшетаудың сыртында орналасқан Чайкино шағынауданында жаңадан салынған 120 орындық негізгі мектеп жұмысын бастады. Заманауи талапқа сай салынған білім ордасында екі ауысымда 240 балаға дейін білім ала алады. Бұл - өңірде соңғы үш жыл ішінде пайдалануға берілген 25-ші білім ошағы.

Әмір Балтабаев, оқушы:

Бұрын біздің мектебімізде спорт зал, акт залы, үлкен асхана болған жоқ. Ал осы біздің жаңа мектебімізде үлкен дене шынықтыру спорт залы бар, тағы да стадион бар. үп-үлкен асхана бар. Және кең, жарық кабинеттері де бар.

Бөлісу