Өндірісті жаңғыртуға 3,5 млрд доллар инвестиция салынады
Теміртаудың болаты атом электр стансасының құрылысына қолданылуы мүмкін. Қармет құрылысқа қажетті өнім түрлерін көбейтіп, импорттың орнын басуды көздеп отыр. Ал кәсіпорынды жаңғыртуға 2028 жылға дейін 3,5 миллиард доллар салынбақ. Бүгін Қарағанды облысына барған Қасым-Жомарт Тоқаев комбинаттың қазіргі жұмысымен және даму жоспарымен танысты. Президенттің айтуынша, кезінде миллиардтаған шығынға батқан компания былтыр таза пайдаға шыққан. Ендігі міндет, озық технологияларды енгізіп, еңбек қауіпсіздігін күшейту. Алып кәсіпорында не өзгерді? Теміртаудан Шерхан Жамбылұлы тарқатады.
Теміртау. Қойнауы қазыналы, өндірісті өлке. Құрыш құйып, кен қазған нағыз еңбек адамдарының шахары. Қаланың тіршілігі Қарметпен біте қайнасқан. Алып кәсіпорында 35 мың адам еңбек етеді. Үш жыл бұрын кеніштегі кезекті апаттан кейін кәсіпорын отандық инвесторға өтті. Жаңа иесіне өндірісті жаңғыртып, қауіпсіздікті күшейту міндеті жүктелді. Атқарылған шаруаны көру үшін Президент аймаққа арнайы келді.
Өндірісті қалаға ат басын бұрған Мемлекет басшысы теміртаулықтар мақтанышы трамвай желісінің жұмысымен танысты. Кезінде тоқтап қалған қоғамдық көлік қатынасын қалпына келтіруге зауыт қаржы бөлген. 30 шақырым жол жөнделіп, жаңа вагондар сатып алынды.
Будақтаған түтін, қайнаған қазандық. Зауыттағы тіршілік қыз-қыз қайнап жатыр. Президент комбинат цехтарын аралап, өндірістегі өзгерістерді өз көзімен көрді.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Бұл конвертер цехы. Комбинаттың жүрегі десек бола Мына алаулаған пештің ішіндегі температура 1600 градустан асады. Мұнда шойын балқытылып дайын болатқа айналады.
Құрыш темір 300 тонналық қазандықтарда балқиды. Зауытта мұндай үш конвертер бар. Екі жыл бұрын олардың екеуі күрделі жөндеуден өтті. Корпустары ауысып, заманауи конструкциялар орнатылды. Нәтижесінде болат өндірісі миллион тоннаға артып отыр.
Ерғали Байдуллаев, болат балқытушы:
Болат өндірісіне ең қажетті заттың бірі – кокс. Ал оны өндіретін кешендегі алып батареялар ескірген. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған. Қазір бірден екі кокс батареясы салынып жатыр. Қуаттылығы 1,5 млн тонна.
Геннадий Водовозов, «Qarmet» компаниясының жөндеу жұмыстары бойынша кеңесшісі:
Qarmet салып жатқан жаңа кокс батареялары комбинаттың осы өндірісін халықаралық деңгейге көтереді. Жаңа қондырғалар өнімнің сапасын арттырып, өзіндік құнын төмендетеді. Сонымен қатар экологияға зияны аз, жұмысшылардың еңбек жағдайы да жақсарады.
Qarmet Атом стансасының құрылысына да атсалыспақ. Өндіріс орнында жаңа сортты прокат цехы салынып жатыр. Мұнда құрылысқа қажетті арматура мен түрлі темір түрлері шығарылады. Жылдық қуаты 540 мың тонна.
Тұрар Жолмағанбетов, «Qarmet» АҚ стратегия жөніндегі директоры:
Оның сапасы А-600, А-1000. Бұл орталық азиядағы алғашқы зауыт. Президентіміз халықтық құрылыс бастамасын көтерген. Ал құрылыстағы шығынның 17-18 пайызы осы арматурасы. Елімізде жыл сайын 1,5 млн тонна арматура тұтынылады. Соның 1 млн-нан көбі импортталады. Енді соны отандық өніммен алмастырамыз.
3,5 млрд доллар. Кәсіпорынды қайта түлету үшін 2028 жылға дейін қомақты инвестиция салынуы керек. Қазірдің өзінде 2 миллиард 700 млн доллар құйылған. Шығыннан көз ашпаған өндіріс былтыр 1 трлн 100 млрд теңге табыс тапты. Қазынаға 150 млрд теңге салық төлеген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қарағанды металлургия зауыты – отандық металлургияның қара шаңырағы, тұтас аймақтың экономикалық тірегі саналады. Бұл ірі кәсіпорын еліміздің индустриялық әлеуетін арттыру ісінде ерекше рөл атқарады.
Ал отандық металлға сұранысты алдағы ауқымды құрылыс та арттырмақ. Президент келер жылы басталатын жалпыхалықтық бағдарлама мәнінен тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жалпы халықтық құрылыстың бүкіл мән-мағынасын «құрылыс және тағы да құрылыс» деген бір ауыз сөзбен түсіндіруге болады. Түптеп келгенде, бүгінгі және келешек ұрпаққа бағдарламалар мен тұжырымдарды емес біз оларға материалдық құндылықтарды, ең алдымен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аманат етіп қалдыруымыз керек. Халқымыздың әлдеқайда жайлы өмір сүруге, қазіргі өркениетті заманның барлық игілігін көруге қақы бар. «Әділетті Қазақстанды құру» стратегиясының басты мақсаты да осы.
Үлкен жұмыс артында қарапайым жұмысшылардың еселі еңбегі, маңдай тері бар. Президент металлургтердің адал еңбегіне алғыс айтып, мемлекеттік марапат табыстады.
Өндірістің өрісін кеңейтуге арзан несие қажет. Президент осы мақсатқа банктердің резервтерін пайдалану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Қармет те жаңа өндірістерді іске қосып, құрылысқа қажетті өнімді көбейтуге тиіс. Жоспардың орындалуын Мемлекет басшысы келер жылы қайта келіп бағамдамақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы