Ғалымдар: Тянь-Шань мұздықтары жылдам еріп жатыр
Климаттың өзгеруі Орталық Азияның су қауіпсіздігіне тікелей әсер ете бастады. Әсіресе, Тянь-Шань мен Памирдегі мұздықтардың жедел еруі ғалымдарды алаңдатып отыр. Мамандардың болжамынша, алдағы 15 жылда Тянь-Шаньдағы мұз қорының үштен бірі жоғалуы мүмкін. Бұл өзендердің су режимін өзгертіп, жаз мезгілінде су тапшылығын күшейтуі ықтимал. Қазір өңір елдері қауіпті аймақтарды бақылап, ерте ескерту жүйелерін енгізуге кірісті.
Ғалымдардың дерегінше, Тянь-Шань мұздықтары соңғы жарты ғасырда айтарлықтай кішірейген. Яғни, мұздықтар массасының 27 пайызы, ал жалпы аумағының 18 пайызы жоғалған. Бұл шамамен 3 мың шаршы шақырымға тең. Жыл сайынғы мұз шығыны – орта есеппен 5,4 миллиард тонна.
Болат Молдабеков, Жерді қолданбалы зерттеу жөніндегі Орталық Азия институтының директоры:
Климаттың өзгеруіне байланысты соңғы бес жылда Тянь-Шань тауларының оңтүстік бөлігіндегі мұздықтар жылына орта есеппен 2,5-5 метрге дейін еріп жатыр. Бұған дейін бұл көрсеткіш бір метрге де жетпейтін. Соның салдарынан таудағы өзендердің саны артып келеді. Памир тауларында да осындай жағдай байқалады. Біз бұл өзгерістерді спутниктік бақылау арқылы тұрақты түрде бақылап, қадағалап отырмыз.
Мамандардың болжамынша, Тянь-Шань мұздықтары 2040 жылға дейін қазіргі мұз қорының шамамен үштен бірін жоғалтуы мүмкін. Ал мұздықтардан еріген суға 100 миллионнан аса адамның тұрмысы мен шаруашылығы тәуелді. Сондай-ақ, мұздықтардың еруі су қорының азаюына ғана емес, таулы аймақтардағы елді мекендерге де қауіп төндіреді. Сондықтан мамандар қауіпті аймақтарды алдын ала анықтап, тұрғындарды дер кезінде ескерту жүйесін енгізіп жатыр.
Диана Әріпханова, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік бюросының өкілі:
Біз қазір Орталық Азия елдеріне арналған техникалық ерекшеліктерді әзірледік. Жоба аясында төрт мемлекеттегі қауіпті аймақтар анықталып, оларға ерте ескерту жүйелерін орнату жоспарланған. Өзен-көлдердің жағдайы тұрақты бақылауда болады. Сондай-ақ дабыл беретін сиреналар да орнатылып жатыр. Мәселен, жақында қауіпті аймақтардың қатарына жататын Есік пен Талғар шатқалдарында «Қазселденқорғау» мекемесімен бірлесіп, ерте ескерту жүйесін іске қостық.
Бұл – 2021 жылы басталған GLOFCA өңірлік жобасының бір бөлігі. ЮНЕСКО-ның мәліметінше, Орталық Азияда мыңнан аса ықтимал қауіпті мұздық көл анықталған. Жоба Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанды қамтиды. Негізгі мақсат – мұздық көлдерден болатын тасқынның алдын алып, халықты дер кезінде ескерту.
Максим Петров, Геология және геофизика институтының орталық жетекшісі:
Соңғы жылдары мұздықтар жылдам еріп жатыр. Сонымен қатар жауын-шашын мөлшері шамамен үштен бірге азайған. Бұл жағдай таулы аймақтар үшін үлкен қауіп төндіреді. Мәселен, Қырғызстан мен Тәжікстан аумағының 90 пайызы таулы өңірлерден тұрады. Бұл елдерде мың жарымнан аса мұздық көл бар. Оның 350-і аса қауіпті санатқа жатқызылады. Сондықтан мұндай қатердің алдын алу үшін Орталық Азия ғалымдары күш біріктіріп, бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз.
Қазақстан үшін бұл мәселенің маңызы ерекше. Елдегі жерүсті су қорының орташа жылдық көлемі 106 текше шақырым болса, соның 44 пайызы көрші мемлекеттерден келетін трансшекаралық өзендер есебінен қалыптасады. Сондықтан мұздықтарды бақылау, су ресурстарын тиімді пайдалану және мемлекетаралық ынтымақтастық – өңірдің болашақтағы су қауіпсіздігінің басты шарттары.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы