Кәсіпкерлерді тексеруге мораторий: Бизнеске қандай мүмкіндік беріледі?
Экономиканың тамыры – кәсіпкерлікте. Ал кәсіпкерліктің тынысы – еркіндік пен тұрақтылықта. Бірі өндіріс ашады, бірі жұмыс орнын құрады, енді бірі елге сырттан капитал әкеледі. Бірақ осы мүмкіндіктердің бәрін қағазбастылық пен түсініксіз талаптар тұсап тұрса, экономикалық белсенділіктен қандай нәтиже күтуге болады?
Мемлекет пен бизнестің арақатынасы осы тұрғыдан қайта қаралуы керек. Өйткені кәсіпкерге қолдау көрсету дегеніміз – оған жеңілдік берумен ғана шектелмейді. Ең әуелі, жұмыс істеуіне кедергі келтірмеу. Заңды түсінікті ету. Ережені тұрақтандыру. Ал шетелдік инвесторға сенімді орта қалыптастыру экономиканың жаңа кезеңіне өтуге жол ашады.
Президент микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін көтерді. Міне, сол бастамаға қатысты кәсіпкердің пікірін тыңдайықшы.
Сондай-ақ Президент салық заңына өзгерістер енгізіп, инвестиция тарту жүйесін бір орталықтан үйлестіруді тапсырды. Мұның бәрі – экономиканы санмен емес, нақты нәтижемен бағалауға бағытталған қадам.
Амандос Наурызхан, кәсіпкер:
Шағын кәсіпкерлер, шындығын айтсақ, әрең-әрең өмір сүріп жатамыз. Мысалы, біздің оборотымыз үлкен болмағандықтан, фирмалардың бюджеті аз болғандықтан, олар барлық керек-жарақтарды қамтамасыз ете алмай қалуы мүмкін. Осы үш жыл кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік. Осы кезде аяқтан тұрып, заңды түрде өзіміз үшін қалай болуға тиісті кәсіптің ішіндегі, сыртындағы системалар, соны қойып, орналастырып алсақ, үлкен көмек болады.
Ал шетелдік инвестор үшін сенімді орта қалыптастыру. 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында Президент осы мәселелерді экономиканың жаңа кезеңіне өтуге қажетті басымдықтар ретінде атады. Микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін көтерді. Салық заңнамасына нысаналы өзгерістер енгізуді, инвестиция тарту жүйесін бір орталықтан үйлестіруді тапсырды. Мұның бәрі – экономиканы санмен емес, нақты нәтижемен бағалауға бағытталған қадам.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Кәсіпкерге кейде мемлекеттің көмегінен бұрын, кедергі келтірмеуі маңызды. Бір күнін есеп-қисапқа, келесі күнін тексерушіге жауап беруге жұмсаса, өндіріс пен қызмет сапасы ақсап қалары анық. Тәртіп тұрақты, талап түсінікті, мүмкіндік тең болғанда ғана кәсіпкер тәуекелге барып, қанатын кеңге жая алады. Сондықтан мораторий бизнесті бақылаусыз қалдыру үшін емес, оның белін буып, бойын тіктеуге мүмкіндік беру үшін енгізілмек.
Яғни, басты ұстаным – бизнесті бақылаумен емес, қолайлы жағдай жасау арқылы дамыту.
Серік Егізбаев, ҚР Құрылтайының депутаты:
Қысқаша айтқанда, бизнеске көмектеспесек те, кедергі қылмайық. Деген принциппен. Мазаламайық. Көрсететін көмегің болмаса, құзырлы органда сен мазаламаш сол бизнесменді. Ол өзі өзінің ісін істеп отырады.
Әрине, бұл жерде мәселенің екінші жағы да бар. Кәсіпкердің еркіндігі тұтынушының қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуі керек. Президент те бұрынғы мораторийдің оң және теріс тәжірибесін ескеруді тапсырды. Яғни, бақылауды жою емес, оның тәсілін өзгерту көзделіп отыр.
Олжас Нұралдинов, ҚР Құрылтайының депутаты:
Осы мораторийге шағын және орта бизнес... Енді мен ойламаймын, жаңағыдай кішкентай дүкеншегі бар адам бүкіл қаржысын алып, шетелге шығарады дегенді. Ол ірі компанияларға қатысты. Ал ірі компанияларға ол мораторий болмайды.
Кәсіпкердің күнделікті тіршілігіне үңілсек, бұл бастаманың түпкі мәні тереңірек ашылады. Бір қарағанда, тексеріс – мемлекеттік бақылаудың қарапайым тетігі. Ал шағын бизнес үшін ол жұмыстың берекесін қашыратын, назарын негізгі міндетінен бұратын факторға айналады.
Амандос Наурызхан, кәсіпкер:
Біз заңгер емеспіз ғой. Барлық заңды білмейміз. Соған байланысты фокусымызды налоговый келіп қалмасын, тексеріс болып қалмасын, ана отчёт тексерілмей қалмасын деген сияқты бір алаңдаушылықпен жүрсек, жұмысымызға кішкене бір назарымыз азайып қалады да.
2011 жылы кәсіп ашқан Амандос бүгінде 80-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның айтуынша, шағын кәсіптің аяғынан тік тұруына уақыт және түсінікті заң керек. Осы тұста мәселе тек тексерісте емес, салық жүйесінде де жатыр.
Әбілхайыр Тамабек, ҚР Құрылтайының депутаты:
100 пайыз толық жұмыс істеп тұрған кодекс болғанда, толық жан-жақты, ешқандай кемшіліксіз болып, онда өзгерістерді талап етпейтін еді. Демек, кемшіліктер кетті. Нақты өзгерістерді енгізу қажет деп айтты. Бизнестің ұсынымдары барлығы жиналады. Ол қосымша құн салығы болуы мүмкін. Ол басқа да нормалар болуы мүмкін.
Заңның міндеті – кәсіпкерге кедергі жасау емес, оның жұмысын реттеу. Бірақ ереже тым күрделі болса, реттеудің өзі қосымша салмаққа айналады. Президенттің салық саясатына қатысты ұстанымы да осыған саяды. Жолдауда Салық кодексі өзгермейтін қағида емес, нақты өмірдің талабына бейімделуі тиіс екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Кәсіпкерлерге, әсіресе, шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу қажет. Кей жағдайда осы талап сақталмайды. Оған дәлел: қазірдің өзінде өндірушілер, әсіресе, азық-түлік саласындағы кәсіпорындар бірқатар қиындыққа тап болуда. Тіпті, әдейі жасалған кедергілер де бар.
Салық жүйесіндегі өзгерістің салмағын әсіресе шағын кәсіп иелері сезінеді. Мәселен, қосылған құн салығы бойынша соңғы өзгерістер кейбір кәсіпкерлердің жұмысын қиындатқан. Демек, заңнаманы жетілдіру – бюджет кірісін ғана емес, бизнестің өміршеңдігін де ескеретін шешім болуы тиіс.
Балжан Ақажан, салық кеңесшісі:
Солардың ең үлкендерінің бірі – жергілікті салық органдарының жоспардан тыс салықтық тексерістерінің артуы. Бізде Президентіміздің өзі айтып жатыр. Жаңа Салық кодексіне сай барлығы жалпыға бірдей режимінде жасауы керек. Осы салықтан қорқып, кәсіпкерлердің көбі жабылды.
Бизнеске еркіндік беру, салықты оңтайландыру – ішкі экономикалық ортаны жақсартудың жолы. Бірақ экономиканың көкжиегін кеңейту үшін мұнымен шектелуге болмайды. Әлемде инвестиция үшін бәсеке күшейген шақта, Қазақстанға жаңа технология мен халықаралық тәжірибе әкелетін капитал қажет. Президент инвестиция тарту саясатын бір орталықтан, яғни «Бәйтерек» ұлттық компаниясы арқылы үйлестіруді ұсынды.
Марк Де Зюттер, 4E компаниясының бас директоры:
Қазақстан шетелдік кәсіпкерлер үшін инвестициялық климаты қолайлы елге айналды. Мұны он жыл бұрынғы жағдаймен салыстырып айтып отырмын. Елдеріңізбен алғашқы байланысты сол кезде бастағанбыз. Қазір жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік әлдеқайда мол. Жаңа Президенттеріңіз бельгиялық, еуропалық компаниялармен ынтымақты дамытуға қомақты қолдау көрсетіп келеді. Бұл бізді Қазақстанға инвестиция салуға ынталандырады.
Мұндай жобалар елге капитал ғана емес, технология, тәжірибе және жаңа жұмыс орындарын да әкеледі. Түптеп келгенде, кәсіпкерге еркіндік, салық төлеушіге түсінікті заң, инвесторға сенімді орта қалыптастыру – бір мақсатқа тоғысқан үш міндет. Экономиканың қуаты да осы үштағанның қаншалықты үйлесімді жұмыс істейтінімен өлшенбек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы