Ыстанбұлда тұрғын үй құлады
Бүгін жергілікті
уақытпен таңғы алтылар шамасында Ыстанбұлда бір тұрғын үй құлады. 7 қабатты
үйдің астыңғы үш қабаты қирап, жермен жексен болған. Үйінді астынан екі адамның
денесі шығарылды. Ғимараттың қалған бөлігі де құлауға шақ тұр. Таңертеңнен бері
жалғасып жатқан іздеу-құтқару операциясы кезінде ондаған адам қауіпсіз жерге
көшірілді. Оқиғаның мән жайын Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлынан білейік.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Қайырлы күн Алла! Таң атқалы жүргізіліп жатқан іздеу-құтқару операциясы кезінде қираған үйден 10 адам аман есен шығарылды. Олардың үшеуі бала. Ал үйінді астында қалған екі адам оқиға орнында көз жұмған. Мамандардың айтуынша қирандылар астында әлі де кемінде 2 адам болуы тиіс. Үйдің құлауына нақты не себеп болғаны белгісіз. Мамандар қазір тексеру жүргізіп жатыр. Бейресми ақпаратқа сай үйдің бірінші қабатында орналасқан тігін цехындағы тіреулер кесілген болуы мүмкін. Оның нақтысы тергеуден соң белгілі болады. Оқиға орнына жедел барған Ыстанбұл губернаторы үйінді астында нақты неше адам қалғаны әлі де белгісіз екенін айтты.
Дәуіт Гүл, Ыстанбұл қаласының губернаторы:
1987 жылы салынған 6 қабатты үйдегі 12 пәтерде барлығы 33 адам тіркелген. Ал қиранды астындағы пәтерлерде ресми түрде 14 адам тұратыны белгілі болды. Дегенмен бұл үйлерге келген қонақтар да болуы мүмкін. Немесе үй иелері басқа жаққа кеткен болуы да мүмкін. Қазір соның барлығын анықтап жатырмыз.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Қазір құлаған үйге жақын орналасқан ғимараттардың тұрғындары да қауіпсіз жерге көшірілген. Мамандар бір жағына қарай қисайған үйдің кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін екенін айтуда. Арнайы құрылған комиссия апаттың себебін анықтап жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы