Полимер құбырлардың сапасын бақылауды күшейту ұсынылды
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елдегі жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру желілері жаңартылады. Жобаның басты талабы – құбырларды отандық өндірушілерден алу. Алайда нарықта үлкен мәселе бар. Ол заңсыз жолмен сапасыз құбырлардың елге кіргізілуі. Салдарынан жаңа құбырлар істен шығып, кейде жарылып, ұзақ мерзімге жарамайды. Сондықтан салаға бақылауды күшейту қажет. Жауапты министрлік отандық өндірушілер тізімін жасап, өнімді таңбалауды жоспарлап отыр. Аталған мәселенің бәрі бүгін Астанада өткен дөңгелек үстелде талқыланды. Қазір елде металл құбырлар полимер құбырға алмастырылып жатыр. Себебі полимердің кепілдік мерзімі ұзақ, яғни 100 жылға жетеді әрі қауіпсіз. Сондықтан өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету керек. Ол үшін 2029 жылы Silleno зауыты іске қосылады, қазір құрылысы жүріп жатыр.
Александр Капустин, «Полимерлі құбыр өндірушілер қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры:
«Силлено» зауыты ірі көлемде полиэтилен өндіретін Қазақстандағы алғашқы нысан болмақ. Кәсіпорынның қуаты жылына 1 миллион 250 мың тонна игеруге жетеді. Оның шамамен 300 мың тоннасы полимер құбырларды дайындауға шикізат болады. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде су желілеріндегі апаттар азайып, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз етеміз деген үміт бар. Әрі тариф шығындарын төмендетуге ықпал етеді.
Сондай-ақ жиында кәсіпорындарды қолдау мәселесі көтерілді. Өндірушілердің несие жүктемесін азайту үшін мемлекеттік сатып алуда құбыр жеткізу мен құрылыс-монтаж жұмыстарын бөлек өткізу ұсынылды. Әрі құбырлардың сметалық бағасын қайта қарау керек екені айтылды.
Ерлан Бақаев, «Атамекен» ҰКП өңдеу өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары:
Өкінішке қарай нарықта сапасыз құбырлар бар. Олар елге заңсыз жолмен әкелінеді. Бүгінгі жиында осындай құбырларды анықтау тетіктерін ақылдастық. Жобадағы кемшіліктер талқыланды. Білесіздер, біз отандық кәсіпорындарды әрдайым қолдаймыз. Олардың ұсынысын тыңдап, уәкілетті органдарға жолдаймыз. Бүгін де маңызды пікірлерді түртіп алдық, енді жүзеге асыру үшін бірлесе жұмыс істейміз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы