Smart шаруашылық: Қостанай облысында шаруа қожалығы заманауи технологияларды кеңінен қолданып отыр
Starlink, күн батареясы, жасанды интеллект, тіпті егінді өзі оратын комбайндар. Қостанай облысының Денисов ауданындағы шаруа қожалығы заманауи технологияларды кеңінен қолданып, игілігін көріп отыр. Ал дала төсінде еңбек ететін жұмысшылар үшін заманауи тұрақ-жай салынған. Астықты өлкедегі жиын-терім науқаны қашан аяқталады? Тілшіміз Мәдина Нағашыбай тарқатады.
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Иен даланың ортасы. Егіс алқабының маңында дәл осындай заманауи капсулалар бой көтерді. Аптап ыстықта алқапта жұмыс істеу оңай емес, сондықтан жұмысшыларға осылай жағдай жасалған. Тіпті жасыл желек жайқалып, көшеттер отырғызылған, тас төсемдер төселген. Екінші қабатта жұмыс кеңсесі, бірінші қабатта асхана орналасқан. Ал мына екі капсула жұмысшыларға арналған. Есікке код енгізіп кіресіз. Жалпы, мұндай әр капсуланың аумағы бір бөлмелі пәтер сияқты. Бөлме кең, жарық, тап-таза. Бұл жер 5 жұмысшыға шақталған екен.
Виктор Оленберг, техника операторы:
Әрине, ұнайды. Біз бұрынғыдай үйден қатынаймыз. Ал науқан кезінде күні-түні жұмыс істейміз, сондықтан осында қаламыз. Үзіліс уақытында, жуынып-шайынып, демаламыз, мезгілімен тамақтанамыз. Алқап басында тұратындар да бар. Ыстықта желдеткіш, суықта пеш бар, жылы.
Барлығы 7 капсуланы орнату үшін шамамен 120 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Интернет, инфроқұрылым, жарық, су – бәрі бар. 2023 жылы жұмысын бастаған қожалық бүгінде 10 мың гектар жерге бидай, жасымық, жүгері, зығыр сынды он түрлі дақыл өсіреді. Өнімнің бір бөлігі Қытай, Иран, Ауғанстан және Италияға экспортталады. Ал жұмыстың 98 пайызы цифрланған. Алқаптағы техника бар деректі бірден жүйеге енгізіп отырады.
Олжас Бисетаев, шаруа қожалығы басшысының орынбасары:
Канадалық фермерлер 12 мың гектар алқапқа 8 комбайн шығарса, бізге 10 мың гектар жерді игеруге жоғары технологиялы 3 комбайн жеткілікті. Техниканың бәрі бірыңғай электронды жүйеге қосылған. Қай алқаптан қанша өнім түскені, комбайнның қай жерде, қалай жұмыс істеп жатқаны – бәрі экраннан көрініп тұрады. Тіпті техниканың жұмысын телефоннан да қадағалай аламыз.
Жасанды интеллект тіпті ауа райына қарап, қандай зиянкес түсуі мүмкін екенін ескертеді. Егіннің шығымы, топырақтың құнарлығы мен ылғалдығы сынды бар мәлімет цифрлық жүйеге жинақталады. Шаруа қожалығының ендігі жоспары - 200 бас асыл тұқымды ірі қара әкеліп, өндіріс аясын кеңейту. Егіннен қалған өнім мал азығына, ал органикалық қалдық табиғи тыңайтқыш ретінде қайта пайдаланылмақ. Басты мақсат - экологиялық таза өнім шығартын тұтас агрошаруашылық қалыптастыру. Ал облыста биыл 4 млн гектардан астам жерге бидай егілді. Дәнді дақыл алқаптарының әзір 84 пайызы орылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы