Басты Жаңалықтар ШҚО-да аудандық ауруханалар жаңартылады

ШҚО-да аудандық ауруханалар жаңартылады

Шығыс Қазақстан облысындағы медициналық мекемелер  жаңартылып жатыр. Өскеменде гематология орталығы ашылса, Алтай ауданының орталық ауруханасы қайта жабдықталады. Ал Самар ауылындағы аурухана кеңейтіліп, томограф пен  ультрадыбыстық зерттеу аппараты орнатылады. Нәтижесінде 55 жыл бұрын салынған аудандық аурухана  толық жаңармақ. Қазір  ескі ғимаратта  медициналық аппараттарды қоятын жер жоқ. Төрт дәрігер бір кабинетте отыр. Бірақ оған қарамастан дәрігерлер жылына  шамамен 55 мыңнан астам науқасқа қызмет көрсетеді. Әсіресе науқастар жазда көбейеді. Бұқтырма су қоймасына келетін демалушылар медициналық көмек үшін осында ағылады. Жергілікті билік мәселені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында шешпек. Бұл туралы келісімшарт та жасалған. Демеушілердің көмегімен амбулатория мен стационар жөнделеді. Жеке диагностикалық орталық ашылады.

Балқия Шалова, Самар ауылының тұрғыны:

Заманға сай үлкен-үлкен өзгерістер болады деген сенімдеміз. Өйткені біздің ауылдың тұрғындары медициналық көмекке, жаңа технологияға зәру.

Еркін Семейханов, Самар аудандық ауруханасының бас дәрігері:

Самар ауданының денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту іске асырылмақшы. Бұл жобаның аясында біздің аурухананың барлық корпустарына күрделі жөндеу жасалады. Және тек қана күрделі жөндеу жасап қана қоймай, материалдық-техникалық базасын жаңғырту болады.  
Бөлісу