Қазақстан Президентінің атына көңіл айту жеделхаттары келіп жатыр
Әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты Қазақстан Президентінің атына шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен көңіл айту жеделхаттары келіп жатыр. Бұл туралы Ақорда хабарлады. Ресей Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қаза болған жандардың туған-туыстарына қолдау білдіріп, олардың қайғысына ортақтасатынын айтты.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің Каспий теңізіндегі оқу-жаттығуы барысында болған қайғылы оқиғаға байланысты шынайы көңіл айтуымды қабыл алыңыз. Қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына шынайы көңіл айтып, қолдау сөздерімді жеткізуіңізді сұраймын.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров та Қазақстан халқына қайғыра көңіл айтатынын жеткізді. Мұндай жеделхатты Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон да жолдады.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының президенті:
Қазақстан әскери қызметшілерінің Каспий теңізінде өткен әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқаны туралы қайғылы хабарды зор күйзеліспен қабыл алдым. Осы ауыр қазаға байланысты Сізге және барша Қазақстан халқына көңіл айтамын.
Беларусь Президенті Александр Лукашенко жеделхатта Беларусь халқы Қазақстандағы қайғылы оқиғаны терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді. Армения премьер-министрі Никол Пашинян да жеделхат арқылы өзінің және Арменияның атынан көңіл айтты.
Никол Пашинян, Армения премьер-министрі:
Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығулары барысында болған қайғылы оқиға туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Армения Республикасының және жеке өз атымнан Сізге, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқына қайғырып көңіл айтамын. Осы қиын сәтте қайғыларыңызға ортақтасып, сіздерге сабыр тілейміз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы