Басты Жаңалықтар Бес лауазымды тұлға қамауға алынды

Бес лауазымды тұлға қамауға алынды

Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты бес лауазымды тұлға қамауға алынды. Ұсталғандардың қатарында – Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскерлері ротасының және «Қайсар» катерінің командирлері бар. Осы оқиғаға қатысы бар өзге де лауазым иелерінің әрекеттері қазір тергеліп жатыр. Заң талаптарына сай кінәлілер қатаң жазаланады деді Премьер- министрдің орынбасары – Үкіметтік комиссияның төрағасы Қанат Бозымбаев. Аягөз Оралбайқызы қайғылы оқиғаның мән-жайын тарқатып айтады.

Қайғылы жағдай 24 қыркүйекте болды. Әскери қызметшілер оқу-жауынгерлік тапсырманы орындап жатқан кезде ауа райы күрт нашарлаған. Қатты жел қиындық тудырып, 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен. Бірден іздестіру-құтқару операциясы басталып, 3 әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі облыстық ауруханаға жатқызылды.

Бекболат Ізбасаров, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Қайғылы жағдай бойынша сарбаздардың біреуі облыстық ауруханаға жеткізілген болатын. Түскен кезде барлық тексерістен өтіп, қазіргі кезде жағдайы тұрақты, терепия бөлімшесінде ем қабылдауда.

Мемлекет қайғылы оқиғаға жедел түрде әрекет етті. Президенттің тапсырмасы бойынша Үкіметтік комиссия құрылып, оған Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етті. Оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстарына Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов басшылық жасады. Құтқару жұмыстарына 250-ден астам әскери қызметші, 40-қа жуық сүңгуір маман, арнайы техникалар мен бірнеше әуе кемесі жұмылдырылды. Теңіз айдыны, жағалау және оған іргелес аумақтар тәулік бойы тексерілді. Нәтижесінде оқиға болған күні 12, келесі күні тағы 2 сарбаздың денесі судан шығарылды.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Үкіметтік комиссия төрағасы:

Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау бойынша барлық міндеттемені біз өз тарапымыздан орындайтын боламыз. Заңмен кепілдендірілген барлық төлемдер мен жәрдемақылар кідіріссіз төленуі керек. Қазақстан Халық кеңесі мен Әділет партиясының мүшелеріне, қолдау білдірген ірі кәсіпкерлер және меценаттарға алғысымды айтқым келеді. Олардың азаматтық бастамасының арқасында қосымша қорда арнайы көмек көрсету үшін қажет қаражат жинақталып отыр.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 5 лауазымды тұлға қамауға алынған. Олардың қатарында – Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскерлері ротасының және «Қайсар» катерінің командирлері бар.

Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Қазіргі таңда қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар лауазымды тұлғалар күдікті деп танылды. Қажетті тергеу амалдары жалғасуда. Кінәлі тұлғалар қатаң жауапқа, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. 

Бүкіл Қазақстан халқы Маңғыстау облысында әскери жаттығу кезінде қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып отыр. Бұл жағдай Мемлекет басшысының және Үкіметтің қатаң бақылауында. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсеткісі келетіндер үшін бірыңғай қор жұмыс істеп тұр. Бірақ әкімдік қаражат аударуды ешкімге міндеттемейді. 

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Каспий жағалауында болған қайғылы жағдай ел-жұртты есеңгіретті. Қазір бірінші кезекте қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасын қолдау қажет. Осы мақсатта Мемлекет басшысы жан-жақты көмек көрсетілетінін жеткізді. Ал тергеу нәтижесімен оқиғаның мән-жайы анықталып, жауаптылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.


Бөлісу