Басты Жаңалықтар Бес лауазымды тұлға ұсталды

Бес лауазымды тұлға ұсталды

Бүкіл Қазақстан халқы Маңғыстау облысында әскери жаттығу кезінде қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып отыр. Осы ауыр кезеңде қазақстандықтар ұлттық бірліктің үлгісін көрсетуде. Бұл жағдай Мемлекет басшысының және Үкіметтің қатаң бақылауында. Әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты қылмыстық іс бойынша бес лауазымды тұлға қамауға алынды. Тағы да іске қатысы бар басқа да тұлғалардың әрекетін анықтап, оларды ұстау мақсатында тергеу жалғасуда.

Аягөз Оралбайқызы, тілші: 

Ұсталғандардың қатарында Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының және «Қайсар» катерінің командирлері бар. Барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олар қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікке ілініп отыр. Сотқа дейінгі тергеп - тексеруді Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу бөлімшесі жүргізіп жатыр. Тергеу дерегінше, «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру барысында қолайсыз ауа райынан теңіз ағысы әскери қызметшілерді алып кеткен. Қазір оқу-жауынгерлік тапсырманы ұйымдастыру және орындау кезінде қабылданған шешімдер, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілуі мен катердің техникалық жай-күйі тексеріліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның ерекше бақылауында.


Бөлісу