Басты Жаңалықтар Азиада: Ел қоржынында - тағы 2 жүлде

Азиада: Ел қоржынында - тағы 2 жүлде

Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасының жүлде қоржыны тағы толықты. Кезекті жарыс күнінде ел спортшылары екі медаль еншіледі. Сонымен Қазақстан құрамасы жалпы медаль кестесінде төртінші орында тұр. Азиадада ұлттық құрама мүшелері бірнеше спорт түрінен жарысты жалғастырып, жүлдеге таласып жатыр. Нагоядағы бәсекелердің нәтижесіне әріптесім Асылбек Данияр шолу жасайды.

Асылбек Данияр, тілші:

Азиаданың екінші күні де Ұлттық құрама үшін табысты болды. Ел қоржыны тағы 2 жүлдемен толықты. Нагоя қаласында өтіп жатқан аралас жекпе-жек шеберлері арасында бәсекелестік қыза түсті. Дәстүрлі стильдегі сайыста 65 келідегі Санжар Әділов қола жүлдеге ие болды. Ол жартылай финалда тәжікстандық спортшыдан жеңілді. Десе де бұл жүлде – тарихи деп есептеледі. Өйткені, ММА Азия ойындары бағдарламасына алғаш рет еніп отыр.

Сонымен бірге, дәл осы спорт түрінен 77 келідегі отандасымыз – Еркінғали Біркүталин финалға жолдама алды. Ол Филиппин өкілімен болған айқаста айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұдан бөлек, заманауи стильде сынға түскен 71 келі салмақтағы Қадырбек Шынбаев та чемпиондық үшін жекпе-жекке шығады.

Еркінғали Бүркіталин, аралас жекпе-жектен ұлттық құрама мүшесі:

Үйде әке-шешем, яғни отбасым тақымдарын қысып қарап отыр. Солардың ниеттері ғой мені жеңіске жетелеп жатқан. Олардың сенімдерін ақтаймын деген үміттемін. Ертең енді бірінші бой, бір бой қалды, сол жұмысты бітіру керек.

Ал, Аичи префектурасындағы Тоёхаси қаласында каратеден сайыстар жалғасып жатыр. Кумите бағдарламасында ел намысын қорғаған 57 келідегі Олжас Алтынбек ширек финалдан әрі аса алмады. Есесіне әйелдерден 61 келіде татамиге шыққан Әсел Қанай финалға шығып, күміс жүлде еншіледі. Ол алтын медаль сарапқа салынған бәсекеде Қытай қызынан Ли Гонгтан жеңілді. Қарсылас өткен Азия ойындарының чемпионы, Олимпиада жүлдегері, әрі әлем чемпионы.

Әсел Қанай, Каратэден ұлттық құрама мүшесі:

Өкінішке қарай, тағы да күміс. Дәл осы Қытай қызына дайындалдық және жапон қызына. Мен кейбір сәттермен келіспеймін студьялармен…Іштей өкініш сезімі өте көп. Өйткені, осы Азия ойындарына өте ұзақ дайындалдық және жолы қиын болды. Дәл бүгін мен бағым мен бабым қатар шабады деп ойладым. Бірақ, әттеген деп айтамын. Басқа сөзім жоқ.

Осылайша, Азия ойындары басталғалы Ұлттық құрама 8 медаль еншіледі. Оның төртеуі алтын, біреуі күміс және үшеуі қола.  

Айта кетейік, сары құрлық бәсекесі қазанның төртіне дейін жалғасады. 558 атлет, спорттың 35 түрінен бәсекеге түседі.

Бөлісу