Басты Жаңалықтар Қандас мәртебесін алу үшін не білу керек?

Қандас мәртебесін алу үшін не білу керек?

Қандас мәртебесін алғысы келетін азаматтар ҚАЗТЕСТ тапсырады. Тест қалай өтеді, оған қалай дайындалу керек және қажетті нәтижеге жете алмаған жағдайда не істеуге болады? ҚАЗТЕСТ-тің мақсаты не? Самал Қабышева рет-ретімен баяндайды.

Самал Қабышева, тілші:

Қазақстанға, тарихи отанына оралған этникалық қазақтар қандас мәртебесін рәсімдеуде ҚАЗТЕСТ тапсырады. Сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алғысы келетін азаматтар да осы тестілеуден өтеді. Ең алдымен, ҚАЗТЕСТ-ке қалай тіркелу керек? Тестілеу онлайн өтеді. Азамат Ұлттық тестілеу орталығының  осы экранда көрсетілген платформасына кіріп, жеке кабинеті арқылы өтініш береді. Одан кейін ҚАЗТЕСТ бағытын таңдап, қажетті мәліметтерді толтырады. Ал тесттің өзіне келсек, ол екі бөлімнен тұрады. Біріншісі – тыңдалым. Мұнда қазақ тіліндегі ақпаратты тыңдап, түсіну қабілеті тексеріледі. Екіншісі – оқылым. Яғни мәтінді оқып, негізгі ой мен қажетті ақпаратты табу керек. Барлығы 60 тапсырма беріледі. Оны орындауға 70 минут уақыт қарастырылған. Тест прокторинг жүйесі бақыланады. Ол - қатысушылардың әрекетін қашықтан бақылайтын және ережелердің сақталуын қадағалайтын жүйе. Сондықтан, камера, микрофон және интернеттің дұрыс жұмыс істеуі керек. ҚАЗТЕСТ-ке алдын ала дайындалуға да болады. Бейімдеу және интеграция орталықтарында азаматтарға тегін дайындық ұйымдастырылады. Онда тесттің құрылымы түсіндіріліп, жаттығу тапсырмалары орындалады.Ал тесттен қажетті нәтиже шықпаса, мүмкіндік қайта беріледі. Соңғы тестілеуден кейінгі 30 күн ішінде екі ретке дейін қайта тапсыруға болады. Ал нәтиже үш жұмыс күні ішінде беріледі. Яғни ҚАЗТЕСТ-тің мақсаты – қазақ тілін жоғары деңгейде білуді талап ету емес. Азаматтың күнделікті өмірде қазақша ақпаратты түсініп, қарапайым қарым-қатынас жасай алатынын бағалау. Айта кетейік, 2026 жылы тарихи отанына оралған 3 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алған. Ал 1991 жылдан бері Қазақстанға қоныс аударған этникалық қазақтардың саны 1,1 миллионнан асты.
Бөлісу