ҚҚДИ: Телеарналар Қазақстанда ақпарат көздерінің арасында позициясын нығайтып келеді
Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер негізгі ақпарат көзі болып қала береді. Дегенмен 2026 жылдың III тоқсанында қазақстандық телеарналарға деген сенім 4,3 пайыздық тармаққа өсіп, 33%-ға жетті. Бұл туралы Қазақстанның қоғамдық даму институты жүргізген зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр.
Респонденттердің 39,1%-ы әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ақпаратқа сенетінін айтқан. 16%-ы ақпаратты достары, әріптестері мен туыстарынан алатынын көрсеткен. Халықаралық ақпарат агенттіктерінің сайттарына 9,2%, радиоға 4,8%, баспа басылымдарына 5% сенім білдіреді.
Ауыл тұрғындарының әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге сенімі қала тұрғындарына қарағанда жоғары – 45,4% және 35,5%. Ал қазақстандық телеарналарға ауыл тұрғындарының 35,6%-ы, қала тұрғындарының 31,4%-ы сенеді.
Жас ерекшелігі бойынша жастар әлеуметтік желілерге көбірек сенсе, аға буын телеарналарды жиі таңдайды. 18-28 жастағылардың 48%-ы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге сенім білдірсе, 61 жастан асқандар арасында бұл көрсеткіш 26,9%. Ал телеарналарға сенім білдіретіндер үлесі осы топтарда тиісінше 26,8% және 43,8%.
Зерттеу цифрлық арналардың дамуына қарамастан, дәстүрлі медианың маңызын сақтап отырғанын көрсетті. Ақпарат тұтынудың гибридті моделі қалыптасып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер телеарналар және ресми онлайн-ресурстармен қатар қолданылуда.
Зерттеу 2026 жылғы 1-16 тамыз аралығында 2 400 респондент арасында жүргізілді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы