Басты Жаңалықтар «Қазақстан халқына» қорынан 220 талапкер білім беру грантына ие болды

«Қазақстан халқына» қорынан 220 талапкер білім беру грантына ие болды

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан 220 талапкер білім беру грантына ие болды. Енді олар еліміздегі 38 жоғары оқу орнында тегін оқиды. Қордан әр студент үшін бір академиялық оқу жылына 1 миллион теңгеге дейін мөлшерде оқу ақысы төленеді. Сонымен бірге ай сайын 60 мың теңге көлемінде шәкіртақы беріліп отырады. Өткен жылдармен салыстырғанда стипендия мөлшері 1,5 есеге – 40 мыңнан 60 мың теңгеге дейін ұлғайтылған. Биылғы оқу жылында гранттар талапкерлердің үш санатына бөлінді. Барлығы дерлік ауылдық жерлерден, шағын және моноқалалардан шыққан балалар. Оның ішінде 60 грант – жетім балаларға және кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, 53 грант – мүгедектігі бар адамдарға және 107 грант – 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан талапкерлерге бұйырды. Айта кетейік, Қор тарапынан білім беру гранты 2022 жылдан бері бөлініп келеді. Бағдарлама басталғалы 4 жарым мың азамат осындай қолдауға ие болды. Соның 721-і былтыр оқуын аяқтап, сұранысқа ие мамандықты меңгеруге және кәсіби жолын бастауға мүмкіндік алды.


Бөлісу