Жеңіс туының желбіреуіне жанкүйердің де қосар үлесі зор. Ақ Олимпиадада сайысқа түсер саңлақтарымызға рух беремін деген жанкүйерлердің алғашқы легі бүгін Сочиге жол тартты.
ХХІІ Қысқы Олимпиада ойындарының алауы ертең тұтанады. Мұнда әлемнің әр түкпірінен жиналған спорт саңлақтары 17 күн бойы сайысқа түспек.
Алматы әуежайы бүгін таңсәріден абыр-сабырға толы. «Алматы-Сочи» бағытындағы жолаушылардың бұл жолғы сапары әдеттегіден бөлек. Өйткені, олардың мойнында жауапты міндет тұр.
Жат жерде спортшыларымыздың жігерін жанып, намысын қайрау, мерейін өсіріп, рухын көтеру барша қазақтың атынан осы жандарға жүктеліп отыр.
Жақсылық Үшкемпіров, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы:
ХХІІ Қысқы Олимпиада ойындарында екі алтынмен оралсақ, қанжығамыз майланып қайтар еді. Еліміз қуанар еді. Бәрі жастардың қолында, барлық жағдай жасалған. Тек жеңіс күтеміз.
Қазақстандық жанкүйерлер құрамы 400 адамнан асады. Олардың қатарында спорт ардагерлері, еңбек сіңірген бапкерлер, жас спортшылар мен журналистер бар.
Ольга Шишигина, Сидней Олимпиадасының чемпионы:
Әдетте спортшылар қауымы алдын-ала болжау жасағанды аса құп көре бермейміз. Бірақ, үш медаль аламыз деген үміт бар. Жалпы, мұндай сын сағаттарда спортшыларға жанкүйерлердің қолдауы ерекше күш-жігер берері анық.
Олимпиада ойындары кезінде әр елден келген қонақтардың қауіпсіздігі қатаң қадағаланбақ. Ойынды тамашалаймын деушілердің жанкүйер паспорты деп аталатын құжаты болуы керек. Онсыз бірде-бір жан Сочи қаласына кіре алмайды.
Виктория Ланчикова, жанкүйер:
Мен спортшыларға қолдау көрсетпек ниетпен жолға шығып барамын. Өзім де спортшымын. Бірақ, бұл сайысқа қатысу маған бұйырмапты. Десе де, әріптестерім тек биіктен көрінсе деп тілеймін.
Олимпиада жанкүйерлері үшін бар жағдай жасалмақ. Олар әйгілі 5 жұлдызды теңіз лайнерінде тұрақтайтын болады. Алып кеме қазақстандық 400 адамнан бөлек, тағы 2000-ға жуық қонақты қабылдайды. Лайнердің ішінде 12 мейрамхана, 11 бар, 2 ашық, 1 жабық бассейн жұмыс істейді.
Андрей Головко, биатлоннан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері:
Екі күн болды, біздің команда сол жақта. Бәрінің көңіл-күйі керемет, дайындықтары да жақсы.
«Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысатын» халықпыз. Демек, саңлақтарымыздың бабы мен бағы бірге шапсын дейтіндер қатары осы 400 жанкүйермен шектелмесе керек. Төрткүл дүние көз тіккен байрақты бәсекені бүкіл қазақстандық тікелей эфирден тамашалап, тілеулес болмақ.
Шынар АСАНҚЫЗЫ