Әлем ақпарат құралдары Құрылтай сайлауы туралы хабар таратты
Құрылтай сайлауының қорытындылары туралы бүгін әлем ақпарат құралдары да хабар таратты. Шартараптың әр бұрышында жарық көрген материалдарға Арыстан Рысбек қысқаша шолу жасайды.
Қазақстанда өткен Құрылтай сайлауының нәтижесі жайлы материалдар бүгін әлемнің маңдайалды ақпарат құралдарының бірталайында жарық көрді. Қатардың «әл-Жәзира» телекомпаниясы «Франс-пресс» агенттігіне сілтеме жасап хабарлағандай, жексенбідегі дауыс беру нәтижесінде Қазақстан парламенті саяси шешімдер қабылдарда бұрынғыдан басымырақ салмаққа ие болмақ.
Ал түріктің «Анадолы» агенттігі осы тақырыпқа арнаған мақаласында «Әділет» партиясының 71 пайыздан астам дауыспен жеңіске жеткенін хабарлады. Автордың мәліметінше, бұл партия мемлекеттік реформа, экономикалық даму, цифрландыру, білім, аймақтарды өркендету, әлеуметтік қамтамасыз етуді басым бағыт ретінде таңдаған.
Рейтер» болса, Құрылтайға «Әділетпен» бірге тағы төрт партия өткенін хабарлап қана қоймай, әлем оқырмандарына қазақ парламентінің бұдан былай екі емес, бір палаталы болатынын жеткізіп отыр. Британдық агенттік кешегі сайлаудың қозғаушы күші - көктемде қабылданған жаңа Конституция екенін де еске салуды ұмытпапты.
Қазақстандағы саяси оқиға немістің «Дойче Велле» телерадиокорпорациясының да назарынан тыс қалған жоқ. Оның сайтындағы мақалада бір палаталы Парламентке үмітті партиялардың тізімі жарияланып, олардың бес жыл мерзімге сайланатыны айтылған.
Құрылтай сайлауы туралы Ресейдің «Интерфакс» агенттігі де жазды. Оның хабарында «экзитпол» мәліметтері келтіріліп, ресми нәтиже 1 қыркүйектен кешіктірілмей жария етілетіні атап өтілген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы