Басты Жаңалықтар Қазақстанның адам саудасына қарсы тұрудағы тәжірибесі талқыланды

Қазақстанның адам саудасына қарсы тұрудағы тәжірибесі талқыланды

Қазақстанның адам саудасына қарсы тұрудағы тәжірибесі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Варшавада өтіп жатқан конференциясында көпшілікке таныстырылды. Отандық құқық қорғау органдарының, дипломаттардың көмегімен соңғы төрт жылда шет мемлекеттерде құлдықта жүрген алпыстан астам ел азаматы құтқарылған. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстанмен қылмысқа қарсы күресте күш біріктіріп, ынтымақты бекемдеуге бейім. Адам саудасына қарсы күрес- Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыты. Еліміз 60-тан астам халықаралық адам құқықтары туралы шарттардың, құлдық түрлерімен күресу келісімдерінің қатысушысы. 2022-2026 жылдары дипломаттардың көмегімен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі құлдықтан алпыс бір азамат құтқарылып, Отанға оралған. Жәбірленушілерді қорғау, қылмыстың алдын-алу жұмыстары екі жыл бұрын қабылданған «Адам саудасына қарсы күрес туралы»заң аясында жүзеге асырылуда.

 Марат Бәшімов, Адам құқықтары жөніндегі институттың экс-директоры, заңгер:

Заңға кіргізгеніміз қазір интернет арқылы адамды  сатып алуға, сол процесті біз қалай бақылаймыз? Қалай біз сол процестерге, заңдарға, кодеске өзгерістер кіргіздік. Кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғап отыр, сол үшін көп нәрселерді қарасаңыздар Қазақстанның өзінің үлкен шаралар жасалған.

 Қазір Қазақстанда 2027-2029 жылдарға арналған жаңа Ұлттық іс-қимыл жоспары әзірленуде. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен бірігіп адам саудасының құрбандарын анықтау, оларды қайтару және қорғауға бағытталған тағы бір ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр.

Кари Джонстон, ЕҚЫҰ Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі арнайы өкілі және үйлестірушісі:

 Біз Қазақстанмен адам саудасының жаңадан пайда болып жатқан түрлерімен күресу бойынша қоян-қолтық жұмыс істеудеміз. Адам саудасын жеңілдету үшін технологияны пайдалануға және оны қолдануға қарсы күресу үшін жаттықтырушыларды оқытуды ұйымдастырдық, және адам саудасымен күресуге көмектесетін жас елшілерді даярлау бойынша ынтымақ орнаттық. 

Адам саудасы-шекара талғамайтын, ұлт пен ұлысқа қарамайтын трансұлттық қылмыс. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, халықаралық қауымдастық қылмыспен күресте Қазақстанмен күш біріктіріп, тәжірибе алмасып, ынтымақты одан әрі нығайтуға ниетті.

Бөлісу