Басты Жаңалықтар Құрылтай сайлауында дауыс беру ережесі қандай?

Құрылтай сайлауында дауыс беру ережесі қандай?

Құрылтай сайлауына екі күн қалды. Осы жексенбіде қазақстандықтар таңдау жасайды. Дауыс беру ережесі қандай? Учаскені қалай анықтаймыз? Қандай әрекет үгіт-насихат ретінде қабылданып, айыппұл салынуы мүмкін? Жанел Нұрболатқызы түсіндіреді.

Сайлауда кәмелет жасқа толған, сотталмаған, Қазақстан Республикасының азаматы дауыс бере алады. Өз учаскеңізді онлайн анықтайсыз. Ол үшін gov.kz сайтына кіріп, ЖСН нөміріңізді енгізсеңіз, жеткілікті. Сіз тіркелген учаскенің нөмірі экранға шығады. Немесе колл орталыққа хабарласыңыз. Олардың нөмірлері әкімдіктердің ресми сайттарында бар.

Дауыс беру үшін тек жеке куәлік қажет. Құжатты онлайн көрсетсеңіз де болады. Учаскеде сайлау комиссиясының мүшелерінен бюллетень алып, арнайы кабинаға кіресіз. Бюллетеньде 7 партияның тізімі және «Бәріне қарсымын» деген жолақ бар. Осы 8 нұсқаның біреуін ғана таңдап, бос шаршыға кез келген белгі қоясыз. Екі нұсқаны қатар белгілесеңіз, дауысыңыз есепке алынбайды.

Арнайы кабинаға екі адамның бірге кіруіне болмайды. Тек мүгедектігі бар азаматтарға учаскелік комиссия көмек береді.  Дауыс беру жасырын түрде өтеді. Заңға сәйкес, оны көрсетуді ешкім талап ете алмайды.

Ескеретін жайт, өзіңіз де бюллетеньді көрсетпеңіз. Сайлау күні, яғни 23 тамызда үгіт-насихатқа тыйым салынған. Сондықтан «Мен мына партияға дауыс бердім» деп өзгелерге айту да үгіт ретінде қабылдануы мүмкін.

Егер ауырып жатсаңыз немесе науқас туысыңызға күтім жасап отырсаңыз, үйде дауыс беруге болады. Ол үшін 23 тамыз 12:00-ге дейін өз учаскеңізге өтінім жіберу керек.

Шетелде жүрген қазақстандықтар елшілікке барып, референдум комиссиясының учаскесіне жүгінуі қажет. Учаскелердің мекенжайын Сыртқы істер министрлігінің сайтынан табуға болады. Дауыс беру үшін паспорт керек.


Бөлісу