Басты Жаңалықтар Жаңартылған «Арт-зертхана»: Жас таланттарға жаңа мүмкіндік

Жаңартылған «Арт-зертхана»: Жас таланттарға жаңа мүмкіндік

Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде жаңартылған «АРТ-Зертхана» шығармашылық студиясы ашылды. Мұнда жыл сайын 3 мыңға жуық бала мен ересек бейнелеу өнерімен айналыса алады. Жоба 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде мұнда жас суретшілерге кәсіби білім алып, шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік жасалған. Жобаның таныстырылымында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өнерді қолдау, жастардың шығармашылық қабілетін дамыту мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Вице-премьердің айтуынша, Мемлекет басшысы мәдениет пен өнер саласына айрықша көңіл бөліп, осы бағыттағы бастамаларға қолдау көрсетіп келеді. Аида Балаева осы ерекше демеу үшін Президентке алғысын білдірді. Мемлекеттің жүйелі саясатының арқасында мәдениет саласында бірқатар маңызды өзгеріс жүзеге асып, нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Мәселен, соңғы екі жылда үш музейге «Ұлттық» мәртебесі берілді. Сонымен қатар бейнелеу өнерін қолдау мақсатында «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы енгізілді. Осы бастамалардың қатарында жаңартылған «Арт-Зертхана» жобасы да бар. 2007 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жоба балалар мен жастардың бейнелеу өнеріне қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған.

Гүлайым Жұмабекова, Ә.Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің директоры:

Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай кестелері бар. Сол кесте бойынша біздің музейдің қызметкерлері, білікті мамандар, суретші, өнертанушы мамандар сабақ береді. Сабақ беріп қана қоймай, балалар үлкен суретшілермен кездесу өткізеді.

Аумағы 110 шаршы метрден асатын зертхана кескіндеме, графика және сәндік-қолданбалы өнер сабақтарына арналған заманауи құралдармен жабдықталған. Студияда балалар мен жастарға кескіндеме, графика, сәндік-қолданбалы өнер бағыттары бойынша сабақтар өткізіледі. Мұнда дарынды шәкірттердің өнер бағытындағы оқу орындарына түсуге дайындалуына мүмкіндік бар.

Өмірбек Жұбаниязов, Қазақстан Суретшілер одағының басқарма төрағасы:

Бүкіл құрал-жабдықтар жаңартылып, жөндеу жасалған қазіргі заманға сай. Жарықтың өзі бөлмедегі, құралдар бар, сурет  салатын арнайы алынғаны үлкен көмек деп есептеймін.

Салтанатты шарада музейдің жаңартылған цифрлық порталы да таныстырылды. Енді музейді 3D-тур арқылы виртуалды аралап, тарихи жәдігерлерді онлайн тамашалауға болады.


Бөлісу