Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов 2016 жылғы жазғы Олимпиада қарсаңында Ұлттық құрама сапына Геннадий Головкиннің оралуына қуанышты екенін мәлімдеді.
«Егер Головкин Рио-де-Жанейрода шаршы алаңға шығатын болса, біз оны қолдаймыз. Ол кәсіпқой бокстағы мықты әрі тәжірибелі боксшылардың бірі», - деді Ұлттық құраманың бас бапкері.
Бірақ, оның сөзінше, Головкиннің әуесқой боксқа оралуы оңай шаруа емес. Бұл үшін Халықаралық Олимпиада комитеті мен Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (AIBA) шешімі керек.
«Әзірге бірде бір кәсіпқой боксшы Олимпиада шаршы алаңына шыққан жоқ. Бірақ AIBA кәсіпқой боксшылардың қатысуына қызығушылық білдірген. Бір уақыттары бұл тақырып талқыланды. Менің білуімше, 20 жекпе-жектен артық өткізбеген кәсіпқой боксшылар АІВА аясында жұдырықтаса алады», - дейді Мырзағали Айтжанов.
Естеріңізге сала кетейік, жақында атақты украиналық боксшы, аса ауыр салмақтағы Әлем чемпионы Владимир Кличко әуесқой боксқа қайта оралып, 2016 жылы Олимпиадада шаршы алаңға шығуға ниетті екенін жеткізді.
WBA және IBO тұжырымдары бойынша Әлем чемпионы, 31 жастағы қазақстандық Геннадий Головкин кәсіпқой бокста 29-шы жекпе-жегін өткізді. Ол соңғы жекпе-жегінде ганалық Осуману Адаманы техникалық нокаутпен жеңді. Оның келесі кездесуі 26-сәуірге жоспарланған. Қарсыласы әзірге белгісіз.
Сонымен қатар, Головкин Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. 2004 жылы Афина ойындарында 75 келі салмақта ел намысын қорғады. Ол финалда ресейлік Гайдарбек Гайдарбековке есе жіберді.