Астанада үш жаңа өндіріс орны ашылды
Елорда күні қарсаңында Астанадағы №1 Индустриялық парк аумағында қаланың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту аясында іске асырылған үш жаңа өндіріс орны пайдалануға берілді. Алғашқы кәсіпорын – пластикалық медициналық бұйымдар шығаратын Heart Center Foundations зауыты. Жобаға 4,155 млрд теңге инвестиция тартылып, 54 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына орта есеппен 12 миллион дана өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Екінші жоба – жылу агрегаттарын өндіретін Nomad Tech Engineering зауыты. Жобаға 2 млрд теңге инвестиция салынып, 40 жаңа жұмыс орны құрылды. Кәсіпорын жылына орта есеппен 19 жылу агрегатын өндіреді.
Сондай-ақ полипропиленнен блокты-модульді тазарту құрылыстарын (ЛОС, КОС, КНС) шығаратын TAZAU зауыты іске қосылды. Жобаны жүзеге асыруға 510 млн теңге инвестиция құйылып, 60 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына шамамен 200 өнім шығаруға жетеді.
№1 Индустриялық паркте жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы елорданың өңдеу өнеркәсібін дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға елеулі үлес қосады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы