Түркиядағы қазақтар кәсіпкерлікке бейім
Анталия қаласы – Түркияның туристік астанасы. Өмір сүруге жайлы теңіз жағалауындағы әсем шаһарда әр елдің азаматтары тұрады. Олардың қатарында қазақстандықтар да бар. Түрлі себеппен шетелде тұрып жатса да олар өз қарым-қабілеттерінің арқасында іскерлік танытып, бауырлас екі елдің қарым-қатынасының нығаюына өз үлестерін қосып жүр.
Азамат Түркияға үш жыл бұрын келген. Жастайынан кәсіп істеп үйренген ол тоғыз жолдың торабында тұрған Түрік елінде өз өніміңді шығарып сату тиімді екенін байқап, бірден шағын цех ашты. Ғимараттардың ішкі-сыртқы әрлеуіне пайдаланатын заманауи мәрмәр тұс қағаздарын шығара бастады. Аз уақытта сапалы өнімі сұранысқа ие болып, бүгінде әлемнің ондаған еліне саудалап отыр.
Азамат Аманжолов, кәсіпкер:
Қазір компанияда 7 адам жұмыс істейді. Біздің өніміміз жұмсақ мәрмәр деп аталады. Ғимараттардың ішінде де сыртында да қолдануға болатын әмбебап материал. Қазір Түркияның ішкі нарығына, Америкаға, Еуропаға және көршілес елдерге де сатамыз. Түркияда кәсіп жүргізу қиын емес. Заң шеңберінде жұмыс істесең ешқандай проблема туындамайды.
Ал екінші Азамат Түркияға 2020 жылы табан тіреді. Дәрігерлер баласының денсаулығы түзелуі үшін теңіз жағасында тұру керек деген соң көп ойланбай Анталияға көшіп келді. Әлемге танымал Қарағанды бокс мектебінің түлегі мұнда келген соң бос жатпай, түрік балаларына жұдырықтасуды үйрете бастады. Қазақ боксының тәсілін терең меңгерген Азаматтың шәкірттері шамалы уақыттан соң қала мен ел біріншіліктерінде топ жара бастады.
Азамат Әбілқасов, бокс бапкері:
Анталияда бокс аса дамымаған екен. Дегенмен түркиялықтарға қазақстандық бокс стилі қатты ұнайды. Зал ашқанда менен бокс үйренгісі келетіндер көп болып шықты. Тіпті тек Түркия емес, араб елдерінен, Шотландиядан, Ливаннан да келіп жаттыққан спортшылар болды. Осы алты жыл ішінде менің шәкірттерім арасынан Анталия қаласының чемпионы шықты. Ел біріншілігінде жүлделі орын алғандар да көп.
Бүгінде Азаматтың қарамағында тек балалар мен жасөспірімдер ғана емес, ережесіз жекпе-жекте даңқы шыққан чемпиондар да жаттығады. Соның бірі Халил аралас жекпе жек түрінен әлем чемпионы.
Халил Әмір, аралас жекпе жектен әлем чемпионы:
Жаттықтырушым Азаматпен екі жылдан бері дайындалып келемін. Әлемде қазақ боксы танымал екені белгілі. Түркия боксынан мүлде басқа. Азамат маған осы бокстың қыр сырын үйретті. Жекпе-жектерде сол көп көмектеседі. Көбінесе Сингапурда, Тайландта жарыстарға қатыстым. Бір айдан кейін тағы бір жекпе-жегім бар соған дайындалып жатырмын.
Түрлі себеппен Түркияға табан тіреген көп қазақ бүгінде бауырлас елде кәсібін дөңгелетіп, жергілікті халықтың өкілдерін де жұмыспен қамтып отыр. Бұл да болса екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтудың бір бағыты. Ал бүгінде Қазақстанның Түркия экономикасына салған түрлі деңгейдегі инвестициясы 2,5 млрд долларға жеткен.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы