Басты Жаңалықтар Көкшетаудағы жылу электр орталығының бірінші қазандығы 2028 жылы іске қосылады

Көкшетаудағы жылу электр орталығының бірінші қазандығы 2028 жылы іске қосылады

Көкшетаудағы жаңа жылу электр орталығының алғашқы қазандығы 2028 жылы іске қосылмақ. Жалпы, қуаты 820 гкал болатын стратегиялық нысан толыққанды 2029 жылы тапсырылады. Бүгін Ақмола облысына іс-сапармен келген Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін бағамдап, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Құрылысы бірнеше жыл шегеріліп келген Көкшетаудағы жаңа жылу электр орталығының құрылысы биыл қарқын алып отыр. Оған 2,5 мыңға жуық жұмысшы тартылмақ. Тіпті алғашқы қазандығы мерзімінен бұрын іске қосылады деп сендірді құрылысқа жауапты «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басшылары. Станция толық іске қосылса, облыс орталығындағы қуат тапшылығы жойылады.

Аңсар Айдаров, «Самұрық-Энерго» АҚ инвестициялар бойынша бас директоры:

Биыл қазан айында бірінші қазандықтың жабдықтары жеткізіледі, турбиналарымызды келесі жылдың наурыз айынан, сонымен бірге 2028 жылдың бірінші тоқсанында жеткізіп, орнатылады.

Биыл өңірде логистика мен көлік қатынасының күретамыры саналатын 16 теміржол вокзалы жаңартылып жатыр. Оның 9-ы жаңадан салынды. Көкшетаудағы теміржол вокзалының ішкі жұмыстары толық аяқталды. Ендігі ретте перрондағы жұмыстар қалған.

Нұрлыбек НәлібаевПремьер-министрдің бірінші орынбасары:  

Енді бұл елімізде алғаш рет болып жатыр ғой, 124 теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Ішінде көбісі жаңадан салынып жатыр. Ондай болмаған. Ең негізгісі - уақытылы, сапалы аяқтау керек. Біз сіздерге өткенде тапсырма бердік. Негізінен 1 шілдеге дейін негізгі вокзалдардың бәрі ашылады. Қалғандары тамыз айында ашылу керек.

Мұрат Төрегелдин, ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары:

Бұл вокзалда арнайы жабдықтар, арнайы адамдарға қызмет көрсететін кассалардан бастап, перрон, лифтер, арнайы эскалаторлар орнатылды.

Бүгінге дейін бір жарым мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсететін Көкшетаудағы теміржол вокзалы күрделі жөндеуден кейін қосымша мың адамды қабылдай алады.

Қанат Карабалин, жолаушы:

Байқағаным, Қазақстан бойынша барлық вокзал жаңартылып жатқан секілді. Себебі Ақтау қаласында да жаңартылып жатыр. Қазіргі ХХІ ғасырға сай етіп, бәрін жаңартса, жақсы болады. Бәріне, туристерге де Ақтауға да, Көкшетау халқына да жақсы болады.

Шаһардағы «Көкше Индастри» индустриялық аймағына 1,5 трлн теңге инвестиция тартылмақ. Экономиканың қозғаушы күшіне айналатын инвестжобалар жүзеге асса, 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деген болжам бар.



Бөлісу