Қысқы Олимпиадаға қатысатын спортшыларға зор үміт артылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қысқы Олимпиадаға қатысатын спортшыларға зор үміт артылады

11.01.2014
Қысқы Олимпиадаға қатысатын спортшыларға зор үміт артылады

Сочиде өтетін қысқы Олимпиаданың ашылу мерзімі жақындаған сайын спорт сүйер қауым тақымын қыса түсуде. Біздің спорт ардагерлеріміз «асатпай жатып құлдық» дегеннен аулақ. Мәселен, 1998 жылы Наганода өткен Қысқы Олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан қола жүлдегер атанған Людмила Прокашева ел құрамасының дайындығына шүбә келтірмейді. Ал, топ жарып, Қазақстан қанжығасына олжа байлайды деген сайыпқарандардың атын атауға «тіл-көзден» қорқады екен.   

Людмила директор екенмін, деп кабинетте көп отыратын адам емес. Негізгі жұмысы шаңғы базасы немесе мұзайдында өтеді. Өйткені, Прокашева екі жасынан бастап коньки байлап, мұзда сырғанаған.

Людмила Прокашева, Нагано Олимпиадасының қола жүлдегері:
Мен кәсіби спортқа 11 жасымда келдім. Ал, үш жылдан кейін мәнерлеп сырғанаудан бүкілодақтық «Динамоның орталық кеңесі» чемпионатының басты жүлдесін жеңіп алдым. Негізі ата-анам екі жасымда үш жолақты коньки байлап, мұзда сырғанауды үйреткен екен. Көп ұзамай екі жолағын алғызып бір ғана жолақпен сырғанауға талпынған екенмін.
 
Талпынысы тегін емес екен. 1983 жылдан 2000 жылға дейін Людмила Прокашева мәнерлеп сырғанаудан еліміздің Туын төмен түсірген жоқ. Қысқы Азиада ойындарының екі дүркін чемпионы. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Төрт рет Қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Бірақ қазақстандық спортшының жолы бола қойған жоқ. Тек 1998 жылы Наганода өткен Қысқы Олимпиадада қола жүлдені місе тұтты.
 
Людмила Прокашева, Нагано Олимпиадасының қола жүлдегері:
Сочиге баратын спортшыларымызға жеңіс тілеймін. Менің ойымша, қостанайлық Денис Кузиннің дайындығы мықты болды. Жалпы, Қазақстан құрамасының олқы жерін көріп тұрған жоқпын. Тағы бір қуанатыным, бұл жолы ел намысын осы жерде туып-өскен жергілікті спортшылар қорғайды. Яғни, Қазақстан өз ұландарын сынға салып жатыр.
 
Людмила Прокашева да Сочидегі Олимпиадаға дайындалып жатыр. Ел спортына еңбегі сіңген ардагер спортшылармен бірге ол жанкүйер болып барады.
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу