Басты Жаңалықтар Абай облысының диқандары рекорд жасауға ұмтылып отыр

Абай облысының диқандары рекорд жасауға ұмтылып отыр

Абай облысында агросектордың аяқ алысы жаман емес. Биыл диқандар майлы дақылдардан мол өнім алып, бұрын болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізеді деген болжам бар. Инвестициялық жобалардың нәтижесінде мал шаруашылығы дамып, дайын өнімді экспорттау үлесі де артқан. Тілші тарқатсын.

Марат Қалиханұлы Абай облысында егін мен мал шаруашылығымен айналысатын ірі шаруашылықтардың бірі. Биыл суармалы алқап көлемін арттырып 1700 гектарға жеткізді. 140, жазғы маусымда 200 адамға дейін жұмыспен қамтып отыр. Сүт тауарлы фермасында тәулігіне 11 мың литр сүт сауылып, 17 түрлі сүт өнімі шығарылады.
Марат Қалиханұлы, шаруа қожалық жетекшісі:
5 фрегат 350 гектар жерді суарады. Жүгері, арпа егеміз. Суармалы жерге айналдырдық бұл жерді. Әрине үкімет тарапынан көмек болмаса, төмен пайызды несие болмаса, субсидия болмаса, осының бәрін игеру мүмкін емес. Шамамыз келмейді де.
Өңірде биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 789 мың гектардан астам алқапқа егілді. Егістік құрылымында майлы дақылдардың үлесі артып келеді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруаларға «Кең дала» бағдарламасы аясында мемлекеттен 14 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді.
Мәдияр Сәкенов, а/ш басқармасының бөлім басшысы:
Егістік көлемі былтырмен салыстырғанда 7200 гектарға артық егіліп отыр. Былтыр 2025 жылы 782,1 мың гектарды құраған. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне биылғы жылы 25 857 тонна дизель отыны бөлінді. Ол енді жанар-жағармай облысқа бөлінген дизель отыны толыққанды жеткілікті болды.
Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жобалар да жүзеге асуда. Соның бірі жылына 80 мың тонна дәнді дақылды тазалап, сұрыптайтын заманауи кәсіпорын. Мұнда Абай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарындағы 70-тен астам ірі шаруашылықтың өнімі өңделеді.
Марал Жақан, сарапшы:
Осы өнімдерді сырт елдерге экспорттаймыз. Ол Орталық Азия елдері, Африка елдері және де Еуропа елдеріне. Жалпы осы зауытқа 4,1 миллиард инвестиция құйылған. Сонымен қатар 50 жаңа жұмыс орны ашылды.
Абай облысының астығы мен майлы дақылдары Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға да экспортталады. Мал шаруашылығында да оң көрсеткіштер бар. Ірі қара саны 979 мың, ұсақ мал басы 1 миллион 619 мыңнан асқан. Семейде ірі ет комбинаты салынып жатыр. Жыл соңында іске қосылса, ет өнімдерінің экспорт көлемі де арта түспек.


Бөлісу