Басты Жаңалықтар Геология саласында инвестиция көлемі артады

Геология саласында инвестиция көлемі артады

Елде 2 миллион 200 мың шаршы шақырым аумақта геологиялық зерттеу жүргізілді. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен халықаралық конгресте айтылды. Ауқымды жиынға алыс-жақын шетелдерден 1 жарым мыңнан астам сарапшы, кәсіпорын басшылары келді. Олар Қазақстандағы кен орындарын барлауға қызығушылық танытып отыр. Біздің елде Еуроодақтың экономикасына аса қажет 34 шикізаттың 21-і шығарылады. Әйтсе де әлеуетіміз бұдан да жоғары. Бұл ретте конгресс сенімді серіктестік орнатуға жол ашады.

Олжас Бектенов, Премьер-министр:
Қазақстан экономикасы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Жалпы ішкі өнім көлемі алғаш рет $300 млрд-тан асты. Елдің экономикалық әлеуетін тау-кен кешенінің дамуы нығайта түседі. Саланы дамыту үшін кәсіпкерлердің сенімі, инвестицияның қомақты болуы аса маңызды.
Конгресте біздің тарап Сауд Арабиясы және АҚШ-пен бірқатар келісімге қол қойды. Құжат нақты қандай бағыттарды қамтитыны әзірге белгісіз. Десе де Сауд Арабиясы Корольдігінің өнеркәсіп министрі барлау жұмыстары кезінде жаңа технологияларды қолдану жөнінде бірлескен жобалар бар екенін айтты.
Бандар Әл-Хураиф, Сауд Арабиясы корольдігінің өнеркәсіп және минералды ресурстар министрі:
Конгреске үлкен делегация болып келдік. Өйткені біз үшін бұл жиынның маңызы зор. Тау-кен кешеніне озық технологияларды енгізуге ниеттіміз. Бүгін жасалған келіссөздер ұзақмерзімді болады деп сенемін.
Мемлекетаралық меморандумдармен қатар компаниялар да ортақ жобалар жөнінде келісімге келді. Мәселен, «Тау-Кен Самұрық» компаниясы мен Cove Capital бірлесіп, құны 1,1 млрд доллар болатын инвестициялық жобаны іске асырмақ. Сондай-ақ өзге де отандық кәсіпорындар әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік алды.
Берік Мұратбекұлы, кәсіпорын директоры:
Біз жол қоршауларын шығарамыз және электрлі тіректерді шығарамыз. Біздің мекеме 100 пайыз қазақстандық өнім болғаннан кейін біз шикізат ретінде толығымен қазақстандық металды қолданамыз. Экспорт бар. Өзбекстанмен, Әзербайжанмен жаңадан келісімге келіп жатырмыз.


Бөлісу