Қызылорда облысының Абай ауылы су жүйесіне қосылды
Қызылорда облысы Арал ауданындағы Абай ауылы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды. Қарақұм даласындағы ең шеткі елді мекен жұрты тіршілік нәріне қол жеткізіп, өзекті мәселе шешімін тапты. Сонымен қатар өңірде әлеуметтік маңызы зор нысандар да пайдалануға берілді.
Бегалы Дәулетжанов, Абай ауылының тұрғыны:
Осы күнге дейін шахталы құдықты пайдаланып келдік. Енді ғана жетіп жатыр. Қарақұм ауылдық округінде 400-ге тарта ел тұрады. Солардың бәрі қуанып отыр.
Аудан орталығынан шалғай орналасқан Абай ауылына ауызсу жүйесін тарту күрмеулі мәселенің бір еді. Былтыр мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 8 миллиард теңге қаржы қаралып, маңызды жоба жүзеге асты. Енді, міне, әр үйде сарылдап су ағып, тұрғындардың көптен күткен талап-тілегі орындалды.
Мұрат Ергешбаев, Қызылорда облысының әкімі:
Бүгінде облыс тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамтылған. Жыл соңына дейін 10 елді мекенді газдандырып, халықты көгілдір отынмен қамту деңгейін 85 пайызға жеткіземіз.
Ал Қазалы ауданында Сырдария өзенінің арғы бетінде орналасқан 15 елді мекен «Қарлаң» көпірі құрылысының аяқталуын күтіп отыр. Себебі ондағы жұрт орталыққа қалқымалы көпірмен қатынайды. Биыл бұл нысанға облыстық бюджеттен 2,2 миллиард теңге қаралған. Өткелдің жобада қаралған 8 темір-бетон тіреуішінің қазір 5-еуі тұрғызылып, біраз тірлік біткен.
Дәулет Әбиев, жоба жетекшісі:
Көпірдің беткі қабаты бар. Соның 66 метрінде жұмыс істеліп жатыр. Жоба бойынша осы жылдың аяғына дейін бітіреміз деп отырмыз.
Сонымен қатар Қазалы теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. 120 жылдық тарихы бар ескі ғимараттың сәулеттік келбеті сақталатын болады. Жоба бойынша жолаушылардың күту залы мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалып, қауіпсіздік жүйелері заман талабына сай жаңаланады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы