Басты Жаңалықтар Жапондар пайдаланылған өсімдік майын авиаотынға айналдырмақшы

Жапондар пайдаланылған өсімдік майын авиаотынға айналдырмақшы

«Ұшу үшін қуыру». Дәл осындай атпен Жапонияда жаңа жоба қарқынмен жүзеге аса бастады. Оның түпкі мақсаты – ас үйде қолданылған сұйық майды авиаотынға айналдыру. Ортақ іске үй шаруашылықтары ғана емес, кәсіпорындар да үлес қосып жатыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Токионың 50 жастағы тұрғыны Маки Ватанабэ баклажанды қуырып болғаннан кейін,  сұйық майды төгіп тастамай, пластик бөтелкеге абайлап құяды. Күндегі тірлігі осы. Осылайша, үй шаруасындағы әйел асханасында жүріп-ақ,  экологиялық таза авиациялық отын өндірісін арттыру жөніндегі жалпыұлттық бастамаға үлес қосып, жылына ондаған литр майды мемлекет кәдесіне жаратып жатыр.

Маки Ватанабэ, Токио тұрғыны:

Ұшақ көкке көтерілуі үшін осындай май көп қажет болады. Ел болып тонналап отын жинауға шамамыз жетеді деп үміттенемін. Ас үйдегі тірлікке деген махаббатым жылына 40 литр майды қайырымдылыққа өткізуге мүмкіндік беріп отыр.

Әлемнің төртінші экономикасы – Жапонияның табиғи ресурстары шектеулі және де Күн Шығыс елінде Иран соғысы салдарынан Таяу Шығыстан мұнай импорттау қиындап, отын қымбаттап барады. Бұл проблеманы еңсеру үшін мемлекет пен жекеменшік сектор «Ұшу үшін қуыру» жобасын қолға алды. Оған қатысушылардың саны қазірдің өзінде 300-ге жақындап қалған. Олар елден жиналған қолданылған сұйық майды тазартып, сутегімен өңдеп, экологиялық авиациялық отын өндіріп жатыр. Жобаға ресторандар да тартылған. Олар да май қалдығын бұрынғыдай сия, сабын немесе биодизельге емес, авиацияға бағыттап жатыр.

Юки Нишимура, JGC Holding Corporation энергия инновациялары бөлімі бас менеджерінің орынбасары:
Таяу Шығыстағы қазіргі жағдайды ескерсек, балама отын көзінің құндылығы артып келеді. Сондықтан біз бұл саладағы іс-әрекеттерімізді жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Сұйық май экологиялық тұрғыдан ғана емес, дәстүрлі мұнай өнімдеріне бағалы балама бола алатындығымен де маңызды ғой.

Жапония 2030 жылға дейін өзіне қажетті авиациялық отынның 10 пайызын экологиялық таза баламамен алмастыруды мақсат тұтып отыр. Сондықтан үкімет бүгінде  кәсіпорындардан пайдаланылған майдың түгелге жуығын жинап, оны тіпті қымбаттығына қарамастан сырттан да сатып алып жатыр. Және де жапон билігі Токиодағы 8 миллионға жуық үй шаруашылығынан май жинау жұмыстарын үйлестіру мен хабарландыру шараларына әлі талай компанияны тартуды көздеп отыр.

Сала мамандарының сөзінше, сұйық майды авиаотынға айналдыру – күрделі әрі мол қаражатты қажет ететін процесс. Бірақ келешекте туындауы мүмкін экологиялық проблемалармен күрес бұл шығыннан да қымбатқа түсуі мүмкін.


Бөлісу