Басты Жаңалықтар Ақтауда мүгедектігі бар баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Ақтауда мүгедектігі бар баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Ақтауда 8 жасар мүмкіндігі шектеулі баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Туа бітті есту қабілетінен айрылған 8 жасар Нұралы Рухламинов Ақтау қаласындағы 24-ші шағын ауданда орналасқан «Бойтұмар» жеке балабақшасы ғимаратының үшінші қабатында жұмыс істеген түзету орталығының терезесінен құлап кеткен. Соның салдарынан баланың қол-аяғы мен жамбас сүйегі  сынып,  омыртқасы мен ішкі ағзалары қатты зақымданған. Алдымен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген науқас кейін санитарлық авиация арқылы Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына ауыстырылды. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасағанымен бәрібір ем болмады. Бала 20 мамыр күні қайтыс болды. Арнайы комиссия жүргізген тексеру нәтижесінде, түзету орталығында қауіпсіздік талаптарының сақталмағаны және балалардың қараусыз қалғаны анықталды. Қазіргі уақытта орталықтың қызметі тоқтатылып, оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу жүргізіліп жатыр.

Тілектес Болатбаева, Маңғыстау облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

«Бойтұмар» балабақшасы жекеменшік балабақша болғандықтан өзі ешқандай келісімшартқа отырмай, ешқандай өзара ресми құжат жасақтамай, үшінші қабаттағы тұрған бөлмелерін коррекциялық орталығына беруі заңсыз. Себебі бұл орталықтың ресми құжаттары, балаларды қабылдауға да дайын мамандары болмағаны анықталды. Осы мәселе бойынша да іс қозғалып, әлі де бұл жұмыс аяқталған жоқ.


Бөлісу