Арыс қаласында 6 адамды қаққан жүргізуші әйел қамауға алынды
Түркістан облысының Арыс қаласында алты адамды қағып, олардың үшеуін бақилық еткен әйел қамауға алынды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті ресми мәлімет таратты. Осы жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, JAC маркалы көлікті елу жастан асқан әйел тізгіндеген. Жол апаты болғанда ол мас күйде болған. Қатты жылдамдықпен көшедегі орындықта отырған адамдарды жапа-тармағай басып кеткен. Апат болған жерге жиналған тұрғындар жан-жақта шашылып жатқан туған-туыстарын көріп қатты абдырап қалғанын айтады.
Ғани Айдаров, Арыс қаласының тұрғыны:
Ана жерде көрші балалар отырған. Қатты келді дейді. Тежегішті баспаған, кеше полиция келді. Мына жерде тормоздың ізі де жоқ. Ішіп, тойып алған. Ол кісі мына Адамбеков мектебінің мұғалімі. Қазақ тілі пәнінен береді. Енді жиі ішіп тұрады. Ішіп жүргенін көретінбіз.
Оқиға орнында үш адам, оның ішінде кәмелетке толмаған екі жасөспірім қайтыс болды. Соққының қатты болғаны соншалық 29 жастағы келіншек қорғанның арғы бетіне өтіп кеткен. Төрт баланың анасы жедел жәрдеммен ауруханаға бара жатқан сәтте жан тәсілім еткен. Ал оқиға орнында қайтыс болған оның 2 жасар ұлын тас-кесектердің ішінен тауып алыпты. Сол көшедегі бір қарт адамның иығы сынса, көрші тұратын 5 жасар қыз сол жерде тіл тартпай кеткен. Оның анасы болса тізесі сынып, миы шайқалған. Қазір қалалық аурухананың хирургия бөлімінде емделіп жатыр. Осы келіншектің бір жарым жастағы нәрестесі ауыр жағдайда дейді дәрігерлер. Ол бірден жансақтау бөліміне жатқызылған.
Айдар Акбаров, хирургия бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы:
Баланың бес қабырғасы, сан сүйегі сынған. Миының шайқалуымен, оң жақ кеуде тұсының көптеген жабық сынығымен, жарақаттық шокпен реанимация бөліміне жатқызылды. Ота жасау мақсатында облыстық балалар ауруханасына бүгін жіберілді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы