Басты Жаңалықтар Банк картаны қандай жағдайда бұғаттайды?

Банк картаны қандай жағдайда бұғаттайды?

Қазақстандық банктер күдікті операциялар немесе алаяқтық қаупі бар әрекеттерді байқаған жағдайда шотқа немесе картаға қолжетімділікті уақытша шектей алады. Әдетте бұл клиентті қорғауға немесе заң аясында операцияларды тексеруге қатысты болады. Банк картаны бұғаттап тастаса, бұл нені білдіруі мүмкін және шотқа қолжетімділікті қалай қайтаруға болады? Тілшіміз Айжан Иманғали тарқатып береді

Айжан Иманғали, тілші:

Банк картаны қандай жағдайда бұғаттайды? Оған үш себеп негіз бола алады. Бірінші себеп - егер шотқа алаяқтар қол жеткізді деген күдік болса. Мұндай жағдайларда банк қызметкерлері әдетте клиентпен байланысып, операцияны растауды сұрайды. Егер карта иесі төлемді шынымен өзі жасаған болса, қолжетімділік бірнеше минут ішінде қалпына келтіріледі.

Екінші себеп - шоттағы күмәнді операциялар. Қомақты ақша шотқа түсіп, содан кейін бірден басқа жаққа аударылса, аударымдар бірнеше адам арқылы өтсе, ал клиенттің әрекеті әдеттегі операцияларынан күрт ерекшеленсе - бұндай жағдайда күдік артады.

Сондай-ақ «дропперлік» яғни, адам өз картасын сыйақы үшін біреудің ақшасын аударуға пайдаланатын жағдайда банктер бірден назар аударады. Көбінесе мұндай қаражат алаяқтардың құрбандарынан ұрланған ақша болып шығады.

Ал бұғаттаудың қалай алдын алуға болады? Банктер өз картаңызды пайдалана отырып немесе бөтен адамдардан аударымдар жасау арқылы күмәнді табыс табу ұсыныстарына келіспеуге кеңес береді. Бұл алаяқтық схема болуы мүмкінСондай-ақ клиенттерге ірі келісімдер бойынша сатып алу-сату шарттарын, қолхаттар мен жазысқан хаттарды сақтап қою ұсынылады. Бұл құжаттар ақшаның заңды екенін растауға көмектеседі. Бұдан бөлек, пайдаланушыларға операциялар бойынша хабарламаларды қосып қою, бейтаныс транзакциялар пайда болған кезде дереу банкке хабарласу ұсынылады. Сондай-ақ банк қызметкерлері клиенттерге ешқашан ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуды сұрамайтынын ескерген жөн.


Бөлісу