Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Кения 10 құжатқа қол қойды

Қазақстан мен Кения 10 құжатқа қол қойды

Қазақстан Африкаға бидай мен ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттауға мүдделі. Ол үшін Шығыс Африкадағы ең ірі логистика орталығының бірі Момбаса портын пайдалануды қарастырып жатыр. Бүгін Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Кения Президенті Уильям Рутомен келіссөз жүргізді. Қара құрлық мемлекеті де Қазақстанды сауда мен инвестицияны дамытудағы маңызды логистикалық хаб ретінде қарастырып отыр. Яғни Еуразия құрлығына шай мен кофені біздің ел арқылы саудалауды жөн көреді. Сонымен қатар Кения еліміздің ақпараттық технология салаcындағы өніміне қызығушылық танытып отыр. Ресми Астана мен Найроби қандай келісімге келді? Шерхан Жамбылұлы жалғайды.

Тәуелсіздік сарайы. Екінші апта қатарынан  жоғары деңгейдегі мейманды қарсы алып отыр. Қызу қарбалас арасында делегация мүшелері нөмірмен алмасып та үлгерді. Құрмет қарауыл сап түзеп, президенттер қол алысқаннан кейін екі елдің әнұрандары шырқалды.

Кения – қара құрлықтың шығысында, Үнді мұхитының жағасында орналасқан мемлекет. Халық саны 58 миллионнан асады. Соңғы жылдары экономикасы тұрақты дамып келеді. Астанасы Найробиде Біріккен Ұлттар Ұйымының бірнеше құрылымы жұмыс істеп тұр. Мемлекет басшысы Кения – Қазақстанның Африка құрлығындағы ең ірі және сенімді сауда серіктесінің бірі екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кения – Африканың қарқынды дамып келе жатқан және озық елдерінің бірі. Географиялық тұрғыдан елдеріміз алшақ орналасса да, бізді жаңғыруға деген ұмтылыс пен болашаққа сенімді көзқарас біріктіреді. Қазақстан Еуразия жүрегінде орын тепкен, ал Кения Шығыс Африканың экономикалық орталығы саналады. Бұл екіжақты серіктестікті кеңейту тұрғысынан айрықша мәнге ие.

Іс-шара барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Уильям Рутоны І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Байланысты бекемдеу үшін былтыр Найробиде Қазақстанның елшілігі ашылды. Бұл Африкадағы еліміздің небәрі алтыншы дипломатиялық өкілдігі. Өткен жылы алыс-беріс 23 пайызға өсіп, 52 млн АҚШ долларынан асқан. Негізінен Кениядан ауыл шаруашылық  тауарларын импорттаймыз. Ең маңыздысы әрине...

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Шай. Осы бір қою қара сусынсыз қазақтың дастарханын елестету қиын. Көп мәселенің түйіні де осы шай үстіндегі әңгіме барысында шешіледі. Ал қазір қазақстандықтар ішетін әрбір екінші пиала шай Кениядан келеді. Түйіршіктелген жапырақтар алыстағы Африка мен қазақ елін осылайша байланыстырып отыр.

Енді осы Кения шайы мен өзге де өнімдері Еуразия елдеріне Қазақстан арқылы таралуы мүмкін. Біздің ел логистикалық хаб қызметін ұсынуға дайын. Ал Қазақстан өз тауарларын Африка нарығына көбірек экспорттауды көздеп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен, бидайды және өзге де тауарларды Африка нарығына жеткізуге мүдделіміз. Осы мақсатпен Момбаса портын пайдалану мәселесін қарастырдық. Бұл – осы аймақтың сегіз мемлекетіне жол ашатын Шығыс Африкадағы ең ірі логистика орталығының бірі. Бүгінде Қазақстан нарығында Кенияның бірқатар тауары, соның ішінде шай және кофе өнімдері бар. Мұны екі ел арасында орныққан тұрақты сауда қатынасының көрінісі деуге болады.

Екі ел арасында тікелей әуе рейстері де ашылуы мүмкін.

Уильям Руто, Кения Президенті:

Кения Қазақстанды маңызды стратегиялық серіктес және Орталық Азияға, тұтас Еуразия аймағына негізгі қақпа санайды. Біз Қазақстанның Шығыс және Орталық Африка елдерімен байланысына дәнекер болуға дайынбыз. Қазақстан тарапына Найроби қаласында құрлықтағы қызметін ұйымдастырудың стратегиялық базасын жасақтауды, ал Момбаса және Ламу порттарын өңірлік нарыққа шығу үшін негізгі логистикалық хаб ретінде қарастыруды ұсындық.

Мемлекет басшысы Кения еліміздің Egov жүйесіндегі, ғарыш және ақпараттық технология салсындағы жетістігіне қызығушылық танытып отырғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Сапар аясында Президент Руто мырза AlemАI халықаралық жасанды интеллект орталығының және Қазақстанның ұлттық ғарыш орталығының жұмысымен танысады.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша Президенттер Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Бұдан бөлек қос ел жасанды интеллект, көлік, туризм, тау-кен және қаржы мен ғарыш саласында 10 құжатқа қол қойды. Ал сауда-экономикалық ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру үшін Қазақстан-Кения Іскерлік кеңесі құрылмақ.


Бөлісу