Түрік медиасы: Түрік-қазақ байланысы жаңа белеске көтеріледі
Бүгін түрік медиасының басты тақырыбы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға сапары туралы болды. Ақпарат құралдары бұл сапар екі елдің қарым-қатынасы үшін өте маңызды екенін айтады. Сондай-ақ сарапшылар Қазақстан-Түркия арасындағы стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның алтыншы отырысы екі ел арасындағы байланысты жаңа белеске көтереді деген пікірде.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Түркияның мерзімді баспасөзінің барлығы дерлік бүгінгі бас мақалаларын Ердоғанның Қазақстанға сапарына арнаған. Мақалаларда бұл сапардың мазмұны жоғары екенін жазады. Бір басылым екі ел арасындағы сауда-саттықтың ұлғайғанын айтса, енді бірі бауырлас елдер арасындағы байланыстың нығаюын жақсылыққа балайды.
Ал түркиялық телеарналар Президенттердің кездесуін тікелей эфирде көрсетті. Журналистер Режеп Тайып Ердоғанды Астана әуежайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қарсы алғанын, ерекше құрмет көрсетілгенін атап өтті. Сондай-ақ қос президент алдында өнер көрсеткен жас домбырашыларға тәнті болуда.
Түркияның ең ірі ақпарат агенттігі «Анадолы» осы сапарда екіжақты маңызды келісімдерге қол қойылатынын жазса, «Хурриет» ақпараттық порталы бұл сапардың стратегиялық салмағы басым дейді. Ал халықаралық сарапшы Нежметтин Мутлуның пікірінше, бүгінгі геосаяси жағдайда бауырлас елдердің бірлесе әрекет етуі өте маңызды.
Нежметтин Мутлу, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы:
Қазақстан мен Түркияның саяси ұстанымдары ұқсас. Екі ел де көпвекторлы саясат ұстанады. Бұл екі ел үшін де маңызды стратегиялық қадам деуге болады. Әлем елдерімен бейбіт қарым-қатынас ұстана отырып, біз жасанды интеллект және цифрландыру бағытында жаңа жобалар жасай аламыз. Бұған екі елдің де потенциалы жеткілікті.
Түркия – біздің ең ірі сауда серіктесіміздің бірі. Өткен жылы екі ел арасындағы сауда-саттық 5,4 млрд долларға жетті. Ендігі меже алыс-берісті 10 млрд долларға дейін жеткізу.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы