Басты Жаңалықтар Таяу Шығыстағы қақтығыс туризмге кері әсер ете ме?

Таяу Шығыстағы қақтығыс туризмге кері әсер ете ме?

Таяу Шығыстағы қақтығыстар кері әсер еткен салалардың бірі - туризм. Теңіз жағасындағы елдерге жыл сайын миллиондаған турист баратын. Биыл жағдай қалай болмақ? Қазақстандықтар жазғы демалыста жиі баратын Түркияға бұл қақтығыстар әсер ете ме? Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы осы тақырыпты зерттеп көрді.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Жылдық кірісінің басым бөлігін туризмнен табатын Түркияға өткен жылы 65 млнға жуық турист келді. Ел қазынасына 65 млрд доллардан аса қаражат құйылды. Алайда көршілес Иран мен Таяу Шығыстағы тұрақсыздық биыл Түркияға келетін турист санына кері әсер етуі мүмкін дейді мамандар.

Ресми статистикаға қарасақ, биыл жыл басынан бері Түркияға 10 млн-ға жуық турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға көп.

Мехмет Нури Ерсой, Түркияның туризм министрі:

Жылдың екінші жартысында жағдай қалай болатыны әлі нақты белгісіз. Қақтығыстардың жалғасуы, энергия ресурстарының бағасы артуы туризм саласында нақты болжам жасауға кедергі болып отыр. Егер соғысып жатқан тараптар ымыраға келсе, Түркия биыл да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізеді деп сенеміз.

Таяу Шығыстағы ең танымал туризм орталығы Дубай бүгінде күнара бомбаланып жатыр. Одан өзге араб елдері де туристер үшін қауіпті аймаққа айналды. Мамандар осы ретте Түркиядағы тұрақтылық саяхаттау үшін тиімді факторға айналуы мүмкін екенін айтады.

Нежметтин Мутлу, Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы:

Қазір Түркия осы өңірдегі ең тұрақты, ең сенімді елге айналды. Сондықтан көптеген турист демалу үшін немесе басқа елге барар жолда транзит ретінде Түркияны таңдайтыны сөзсіз. Бұл туризм саласының бұрынғыдан да жақсы дамуына әкеледі.

Алайда түрік лирасы тарихта болмаған көрсеткіштерге дейін құлдырады. Сәйкесінше, баға да аспандап барады. Егер Таяу Шығыстағы қақтығыстар жалғаса берсе, биыл жазда Түркияда демалу жылдағыдан әлдеқайда қымбат болуы мүмкін.

Бөлісу