Басты Жаңалықтар Түркияның 51 аймағында дауылды ескерту жарияланды

Түркияның 51 аймағында дауылды ескерту жарияланды

Түркияның 51 аймағында ауа райына қатысты сары түсті дауылды ескерту жарияланды. Елдің бірқатар өңірінде нөсер жаңбырдың соңы селге ұласып, үйлер су астында қалды. Газиантеп пен Шанлыурфа аймақтарында сұрапыл дауыл соғып, қатты жел ғимараттардың шатырларын ұшырды. Газиантеп қаласында үстіне шатыр сынықтары құлаған 22 жастағы қыз қайтыс болды. Ал сел ағызып кеткен бір ер адамның бірнеше сағаттан соң денесі табылған. Ресми мәліметке сай, дауыл мен селден барлығы 33 адам түрлі жарақат алды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты кей өңірлердегі мектептерде сабақ төрт күнге тоқтатылды.

Танер Гүлер, Газиантеп қаласының тұрғыны:

Күн бірден қап-қараңғы болып кетті де, айналаның астаң-кестеңі шықты. Біз жер сілкініп жатыр ма деп ойладық. Желдің жойқын болғаны сонша үй құлай ма деп қорықтық. Көлігімнің үстіне шатыр сынықтары құлап, жарамсыз күйге түсті.

Ал Түркияның солтүстік өңірлерінде күн күрт суытып, қалың қар жауды. Бірқатар жол жабылып, көлік қатынасы қиындаған. Болу, Измир, Самсун аймақтарындағы кей аудандарда қардың қалыңдығы 60 сантиметрге дейін жеткен. Елдің төтенше жағдайлармен күрес басқармасының хабарлауынша, апатты аймақта 5 мыңнан аса арнайы көлік пен 2 мыңнан аса құтқарушы жұмыс істеп жатыр. 


Бөлісу