Басты Жаңалықтар Түркиядағы дауылдан екі адам қайтыс болды

Түркиядағы дауылдан екі адам қайтыс болды

Түркияда сұрапыл дауыл соғып, бірнеше қалада тұрғын үйлерге зақым келді. Дауыл мен селдің кезінде екі адам қайтыс болған. Ал елдің бірқатар өңірінде мамыр айында қалың қар жауып халықты әбігерге салды. Кей жерлерде қардың қалыңдығы 60 сантиметрге дейін жетіп, бірқатар қалааралық жолдарда көлік қатынасы қиындады. Бауырлас елдегі ауа райының қолайсыздығы туралы бізбен байланысқа шығып тұрған Айдос Әшімұлы баяндасын.

Айдос Әшімұлы, тілші:
Қайырлы күн! Түркияның оңтүстік шығысындағы Газиантеп және Шанлыурфа өңірлерінде сұрапыл дауыл соғып, қатты жел ғимараттардың шатырларын ұшырды. Ағаштар тамырымен қопарылып, бір мешіттің мұнарасы құлаған. Дауылдың соңы селге ұласты. Газиантеп қаласында үстіне шатыр қирандылары құлаған 22 жастағы қыз қайтыс болды. Ал сел ағызып кеткен бір адамның бірнеше сағаттан соң жансыз денесі табылды. Сондай-ақ дауыл мен сел кезінде 33 адам түрлі жарақат алған. Ауа райының қолайсыздығына байланысты өңірдегі мектептерде сабақ төрт күнге тоқтатылды. Аймақта төтенше жағдай жарияланды.
Кемал Чебер, Газиантеп губернаторы:
Бас аяғы жарты сағатқа созылған дауылдың күштілігі сондай жүзге жуық ғимараттың шатыры ұшты. Көптеген егіс алқаптары мен электр желілері зардап шекті. Бірқатар мешіттердің мұнараларына зақым келді. Шатыры ұшқан ғимраттардың арасында 39 мектеп бар. Сондықтан сабақ бірнеше күнге тоқтатылды.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Ал елдің солтүстік өңірлерінде бір күнде қыс келгендей болды. Күн күрт суытып, қалың қар жауды. Бірқатар қалааралық жолдар жабылып, көлік қатынасы қиындады. Адана, Измир, Самсун аймақтарындағы кей аудандарда қардың қалыңдығы 60 сантиметрге дейін жеткен. Елдің төтенше жағдайлармен күрес басқармасының хабарлауынша барлығы 51 облыста ауа райының қолайсыздығына байланысты сары түсті дауылды ескерту жарияланған. Ал біз тұрған Ыстанбұл қаласында ауа райы бірқалыпты, көктем лебі сезіліп тұр.


Бөлісу