Басты Жаңалықтар Қазақстан Орта дәлізді дамытуға күш салады

Қазақстан Орта дәлізді дамытуға күш салады

Түркияның Ыстанбұл қаласында Транскаспий халықаралық дәлізін таныстыру әрі ортақ жұмыс жоспарын пысықтау мақсатында халықаралық жиын өтіп жатыр. Басқосуда Орта дәлізді дамыту әрі жұмыс барысында туындаған түрлі мәселелерді шешу жолдары да талқылануда. Маңызды халықаралық жиында көтерілген өзге де мәселелер туралы бізбен байланысқа шығып тұрған Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы баяндайды. 

Айдос Әшімұлы, тілші:

Ыстанбұл қаласында Президент Әкімшілігі, Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Қазақстан теміржолы ұлттық компаниясы өкілдері Түркияның трансұлттық корпорациялары мен логистикалық компанияларының басын қосып, Орта дәліз арқылы жүк тасымалын оңтайландыру бағытында халықаралық жиын өткізді. Таяу Шығыста және Ормуз бұғазында туындаған күрделі жағдайға байланысты қазір Орта дәліз арқылы жүк тасымалдаудың маңызы артқан. Осы ретте Қазақстан тарапы жүк тасымалын оңтайландыру үшін көптеген оң шешімдер қабылдап отыр. Әсіресе бір терезе қағидасы енгізілгелі Түркиядан Қытайға дейінгі жолға кететін уақыт барынша қысқарып, жүк тасымалының тиімділігі артты дейді шетелдік кәсіпкерлер. Солардың пікіріне құлақ түрейік.
Жумһур Гүзелчифтчи, Халықаралық логистика компаниясының басшысы:

Өте пайдалы кездесу. Қазақстан тарапының осындай жоғары деңгейдегі кездесу өткізуі Орта дәліздің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Жұмыс барысында туындаған кей мәселелер бар. Алайда олар шешілетін проблемалар. Тараптардың бас қосып, мәселелерін бірлесе шешуі барлығымыз үшін тиімді болары сөзсіз.
Бүгінде Транскаспий коридоры бойынша Қазақстан арқылы жылына 4,5 млн тонна жүк тасымалданады. Дәліз бойындағы елдер алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Қазір жүк тасымалына қатысты бірақатар инфрақұрылымдық және құжатбастылық проблемалары бар. Оларды оңтайлы шешу үшін тараптар үш айда бір кездесіп тұруға уағдаласты.






Бөлісу