Тарбағатай өңірінен өте сирек кездесетін жәдігер табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тарбағатай өңірінен өте сирек кездесетін жәдігер табылды

11.07.2019

Археолог Зейнолла Самашев Шығыс Қазақстандағы Елеке сазы жазығында тағы бір тарихи олжаға кенелді. Тарбағатай ауданындағы ауқымды археологиялық қазба жұмыстары кезінде алтыннан жасалған бұғы мүсіні табылды. Оның мүйізі жіңішке алтын сымнан өрілген және ғалымдардың айтуынша, мұндай бұйым бұрын-соңды бүкіл Еуразия кеңістігінде ешбір жерде кездеспеген. Осы және басқа да артефактілер ерте заманда адамдар зергерлік өнер мен кен өңдеу кәсібін жетік білгендері туралы тың мағлұмат береді.

Берік Көшербай, тілші:

Елеке сазы жайлауында барлығы 50-ден астам үлкен қорған бар. Археологтар биыл олардың сегізінде қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дәл қазір, міне, осы жерде Шығыс Қазақстандағы мемлекеттік университеттің және Оңтүстік Қазақстаннан келген экспедициялық топ жұмыс істеп жатыр.

Ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстары отандық археологтар Зейнолла Самашев және Әбдеш Төлеубековтің жетекшілігімен жүріп жатыр. Олар биылғы маусымда тапқан алғашқы артефактілерді облыс әкіміне көрсетіп, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.

Зейнолла Самашев, археолог, тарих ғылымдарының докторы:

Біздің дәуірге дейінгі VIII ғасырға жататын көптеген заттар табылып жатыр. Бір бұғының мүйізі алтын сымнан жасалған. Ондай бүкіл Еуразияда болған жоқ.

Алтайдың қойнауы құпияға толы. Бұған археологиялық, этнографиялық және басқа да деректер дәлел. Сондықтан бұл өңір ежелден адамзат өркениеті бесіктерінің бірі деп аталады.

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

Мәселе тек алтында емес. Мәселе - ғылым мен білімде. Соның барлығын ата-бабаларымыз білген. Былтыр бұл жерде тамаша жаңалық болған, биыл да, міне, көп дүние көріп отырмыз. Осы жылдың ішінде бұл жерде тағы қызық фактілер табылады деп сенемін.

Археолгтардың айтуынша, Елеке сазы деп аталатын жазықта бірнеше тарихи дәуірдің ескерткіштері бар. Оларды зерттеп, зерделеп, мол рухани қазынаға айналдыру - алда тұрған үлкен мақсаттардың бірі. Келешекте бұл жақта аспан астындағы ашық мұражай ашу көзделіп отыр. Бұл Тарбағатай өңіріне туристерді көптеп тартуға мол мүмкіндік береді.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу