Президент саммитке келген бірқатар халықаралық ұйым басшыларын қабылдады
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға келген шетелдік меймандардың бірқатарын жеке қабылдады. Ынтымақтастық мәселелерін талқылап, халықаралық күн тәртібіндегі оқиғалар бойынша пікір алмасты. Президентпен кездескен меймандардың барлығы қабылданған Конституцияның маңызына тоқталып, жүргізіліп жатқан реформаны жоғары бағалады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанға деген сенімі артып келеді. Ұйымның бас директоры Президентке елімізге дәрілік заттардың айналымын реттеу саласын жетілдіру бойынша 3-деңгей берілгенін растайтын хатты табыстады. Қазақстан мұндай дәрежеге ТМД елдері арасында бірінші, ал Еуропа аймағында төртінші болып қол жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тедрос Адханом Гебрейесус кездесуде өзара ынтымақтың бүгіні мен ертеңін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық саммитте көтерген идеялар пікірталасқа негіз болып, Қазақстанның бастамалары өзекті екенін көрсетті. Бұл - Президентпен кездескен БҰҰ-ның жоғары өкілдер тобының берген бағасы. Мемлекет басшысы жаһандық мәселелерді шешуде мемлекеттердің күш-жігерін жұмылдыра алатын Ұйымның әмбебап халықаралық платформа ретіндегі баламасыз рөліне назар аударды.
Сондай-ақ Президент Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Феридун Синирлиоғлыны қабылдады. Мемлекет басшысы Өңірлік экологиялық саммиттің жұмысына белсене қатысқаны үшін ризашылығын білдірді. Феридун Синирлиоғлы еліміздің Ұйым жұмысына ерекше үлес қосып отырғанын жеткізді.
Одан соң Мемлекет басшысы қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірқатар халықаралық ұйымдар басшыларымен кездесіп, Орталық Азиядағы негізгі экологиялық бастамаларды іске асыру жолдарын талқылады. Халықаралық конвенция өкілдері Өңірлік экологиялық саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Президентке ризашылықтарын жеткізді. Олар халық арасында экологиялық сана қалыптастыруды көздейтін «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруды құптайтындарын мәлімдеді.
Ал ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының төрағасы Пере Жоан Понспен кездесуінде Қазақстан Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен, сондай-ақ оның Парламенттік ассамблеясымен серіктестікті нығайтуға мүдделі екені жеткізілді. Мәртебелі мейман өңірлік күн тәртібін ілгерілету мен ортақ бастамаларды жүзеге асыру жолында Орталық Азия елдерінің жұмыла әрекет ете алатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Electricité de France компаниясының басқарма төрағасы және бас атқарушы директоры Бернар Фонтананы да қабылдады. Тараптар Қазақстан мен EDF арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму болашағын талқылады. Компания атом энергетикасы саласы бойынша әлемдегі жетекші ұйым саналады. Сонымен бірге уран жеткізу бойынша өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды.
Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзерді қабылдау кезінде қазақ-герман экономикалық ынтымақтастығын одан әрі нығайту жолдары пысықталды. Алда өтетін С5+Германия форматындағы диалогтың күн тәртібі де назардан тыс қалмады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы