Басты Жаңалықтар Астанаға мемлекеттік сапармен Моңғолия президенті келді

Астанаға мемлекеттік сапармен Моңғолия президенті келді

Қазақстан мен Моңғолияны байланыстыратын автожол салынады. Бұл туралы бүгін Ақордада Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүхпен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Екі ел арасын жалғайтын тағы қандай оң шешімдер бар? Бұл туралы Азамат Бейбітұлы баяндайды.
Қазақстан мен Моңғолия 13 құжатқа қол қойды

Қазақстан мен Моңғолияның шекарасы түйіспейді, бірақ тарихтың тоғысатын тұсы көп. Ол елдегі қалың қазақ диаспорасы екі ел арасындағы қазіргі байланыстың негізгі дәнекері, көпірі болып тұр. 2024 жылы біздің президент Моңғолияға мемлекеттік сапармен барған еді. Ал, Бүгін Моңғолия президенті елімізге мемлекеттік сапармен келіп жатыр. Мұндай ынтымақтан - ұтатынымыз көп. Өйткені, қос тарапта да қазақ бар.
Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық байланысқа отыз жылдан асты. Президент айтқандай «Біз – тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдерміз, көшпенді халықтардың ұрпағымыз». Тараптар сан түрлі сала бойынша серіктестікке серпін беретін келісімге келді. Қазір «Алматы – Ұлан-Батыр» бағытында тұрақты рейстер бар. Көп ұзамай «Астана – Ұлан-Батыр» әуе қатынасы қайта ашылады және «Өскемен – Өлгей» бағыты да іске қосылмақ.
Қазақстан мен Моңғолияны байланыстыратын автожол салынады
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жол екі ел арасындағы өзара байланыс көзі, тығыз қарым-қатынас кепілі екені белгілі. Біз бұл мәселенің аса өзекті екенін жақсы түсініп отырмыз. Сондықтан Хурэлсух мырза екеуіміз Қазақстан мен Моңғолия арасында төте жол ашуға мүдделі екенімізді растадық. Кездесу барысында елдерімізді жалғайтын автокөлік жолын салу жөнінде ортақ келісімге қол жеткіздік.
Екі ел де – табиғи байлығы мол мемлекеттер. Тау-кен саласында, соның ішінде геологиялық барлау және жер қойнауын игеру ісінде Қазақстанның тәжірибесі мол. Қос тарап осы бағытта бірлесе күш жұмылдыруға дайын. Жалпы, екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр 130 миллион доллар болып, 7,7 пайызға өсті.
Ухнаагийн Хурэлсух, Моңғолия президенті:
Достық қатынастарды одан әрі күшейтуге, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың аясын кеңейтуге сыртқы саясатымызда ерекше басымдық береміз. Сіздің 2024 жылғы елімізге сапарыңыз аясында Моңғолия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру бойынша 2025-2027 жылдарға арналған жол картасына қол қойылған еді. Ендігі міндет – өзара тауар айналымын 500 миллион долларға дейін жеткізу.
Екі ел арасындағы сауда айналымы 7,7 пайызға өсті
Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Қазақстан консулдығы ашылады. Жалпы, 2024 жылы президентіміз Моңғолияға мемлекеттік сапармен барғалы оң өзгерістер көп болып жатыр дейді, қиырда жүрген қазақтар.
Бейсен Булан, Моңғолия парламентінің мүшесі:
Әлеуметтік қамсыздандыру, пенсия мәселесін шешіп жатыр. Екіншіден Моңғолиядағы Қазақстан елшілігі де жақсы жұмыс істеп жатыр деп көріп отырмыз, кәсіби өндіріс саласында да жақсы жұмыс істеп жатыр.
Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, цифрландыру, тау-кен, туризм, көлік-логистика және өңіраралық байланыс бағытындағы серіктестік барысы талқыланды. Екі елдің ресми делегация мүшелері оннан аса қол қойылған құжаттармен алмасты.
Самат Нұртаза, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мына Моңғолияның батысындағы Баянөлгей деген аудан да біздің қазақ бауырларымыз тұрады. Оларға да осы бүгінгі кездесу екі президенттің кездесуі оларға да жаңағы жағынан әсер етіп, моңғолиядағы қазақтардың рөлін көтеріп, мысалы бірнеше депутаттары да бар екен қазақ өкілінен. Сондықтан да осындай бауырластықты, ынтымақтастықты кәдімгідей күннен күнге көтеру керек деп есептеймін.
Моңғолия президенті «Алтын қыран» орденімен марапатталды
Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухты «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік рухында дамып жатқанын айтты. Қазақ пен моңғол арасындағы тарихи байланыс жаңа заманда жаңыра түспек.

Бөлісу