Басты Жаңалықтар Қазақстанның жаңа Конституциясы Брюссельде талқыланды

Қазақстанның жаңа Конституциясы Брюссельде талқыланды

Еуропалық Одақ Қазақстандағы Конституциялық реформаларды қолдап, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейім. Бұл туралы Брюссельде Жаңа Конституцияны талқылауға арналған басқосуда Еуроодақ өкілдері мәлімдеді. Шара еліміздің Бельгиядағы елшілігінің «Шаңырақ диалогтары» пікірталас алаңы аясында ұйымдастырылды.

Басқосуға Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Евгений Больгерт қатысып, соңғы өзгерістер жайлы баяндады. Сенатор Жаңа Конституцияда билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді бөлу, Парламенттің рөлін күшейту және сот жүйесінің тәуелсіздігіне қосымша кепілдіктер берілгенін атап өтті.

Еуропалық сарапшылар Ата заңда адам құқықтарын қорғау, заң үстемдігін және мемлекеттік институттардың ашықтығын арттыруға басымдық берілгенін жоғары бағалап отыр. Қос тарап өкілдері Жаңа Конституция елдің институционалдық жүйесін нығайтып, Астана мен Брюссель арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі бекемдейтініне сенімді.

Евгений Больгерт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Демократиялық институттарды дамытушы ел ретінде біз адам құқықтарын қорғау, заңның үстемдік етуі бойынша Еуропада және әлемде танылған стандарттарды басшылыққа аламыз. Және бұл реформалар тек қағаз жүзінде емес, азаматтардың игілігі үшін құқықтық мемлекет құруға бағытталған қадамдар екенін көрсетіп жатырмыз.

Альберто Тюркстра, «Дипломатиялық әлем» басылымының жоба жетекшісі, Орталық Азия елдері бойынша тәуелсіз сарапшы:
Жаңа Конституцияда жеке тұлға мен оның құқықтарына баса назар аударылған. Цифрлық құқықтар, меншік құқықтары, басқа да ережелер қосылған. Және Конституция азаматтарға өз құқын қорғаудың айқын тетіктерін, Конституциялық Сотқа шағымдану мүмкіндігін береді. Яғни, азаматтар өз мүддесін қалай қорғауды анық түсінеді.



Бөлісу