Басты Жаңалықтар Қазақ руханияты қара нарынан айырылды

Қазақ руханияты қара нарынан айырылды

Қазақ руханиятының қара нары, Халық жазушысы, көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Мұхтар Шаханов шоқтығы биік шығармаларды жазып, ұлттық поэзияға жаңа серпін әкелген ірі тұлға. Туындыларында әрдайым елдік сана, тарихи әділет, тіл тағдыры мен адамгершілік құндылықтарды арқау етті. Ақынның “Өркениеттің адасуы”, “Жазагер жады космоформуласы”, “Төрт ана”, “Ғасырлар тоғысындағы толғау” сынды туындылары оқырман санасына терең ой салып, қоғамдық пікір қалыптастырды. Мәтінін де, музыкасын да өзі жазған “Жұбайлар жыры", "Туған күн кешінде", "Гүл дәурен", "Мен саған ғашық едім" атты әндері жұртшылыққа кеңінен таныс. Ол тек ақын ғана емес, ұлт мүддесін ашық қорғаған қайраткер бола білді. Парламент депутаты болып, бірқатар өзекті мәселелерді батыл көтере білді. Мұхтар Шахановтың шығармалары 50-ден астам тілге аударылып, халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. Ақынның өшпес мұрасы мен асқақ рухы халық жадында мәңгі сақталатыны сөзсіз!


Бөлісу