Басты Жаңалықтар Президент елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Президент елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев төрт мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Ақорда сарайына Кувейт, Моңғолия, Монако Княздігі және Эль-Сальвадор Республикасының өкілдері келді. Мемлекет басшысы дипломаттарды Қазақстандағы миссияларының ресми басталуымен құттықтап, олардың екіжақты ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Сондай-ақ елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Президент Қазақстан барлық елдермен конструктивті әрі өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған бейбіт және теңгерімді сыртқы саясат жүргізетінін айтты. Қазақстан халықаралық қаржы институттары мен ұйымдармен тығыз байланыс орнатқанын да еске салды. Бұдан бөлек, Президент алдағы аптаның жұмыс кестесі тығыз болатынын мәлімдеді. Қазақстанға Моңғолия Президенті ресми сапармен келеді. Астанада БҰҰ аясында Өңірлік экологиялық саммит және Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтеді. Іс-шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерге табыс тілеп, олардың мемлекет басшыларына ізгі сәлемін жолдады.

Гунаажавын Батжаргал, Моңғолияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

Бүгінгі таңда Моңғолия мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік серпінді дамып келеді. Екіжақты қарым-қатынастарымыз 2024 жылғы Қазақстан Президентінің Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапарынан кейін жаңа деңгейге көтерілді. Бұл тарихи сапар біздің ынтымақтастығымыздың көкжиегін кеңейте түсті. Ал келесі аптада Астанаға Моңғолия Президенті  келеді. Бұл біз үшін маңызды оқиға. Қазіргі уақытта елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қарқыны артып, тауар айналымы белсенді түрде өсіп келе жатқанын атап өткім келеді.


Бөлісу