Алматылық 12 жасар әнші Диана Еркін "Германия дауысы" ән жобасына жолдама алды. Ол мұндай әйгілі еуропалық байқауға Қазақстан атынан қатысатын ең жас әнші. "Оның керемет таланты мен ғажайып дауысы Еуропа жұртын тамсандырып, таң қалдырады деген сенім зор, - дейді біздің мамандар.
Диана Еркін бұған дейін республикалық байқаулардан бөлек, "Еуровижн. Балалар академиясы" жобасының Гран-приін жеңіп алған. Ал, Украинада өткен "Еуровижн" жобасының бесінші маусымында музыкалық редактор Верена Янсон Дианамен арнайы танысып, өнеріне тәнті болғандығын айтқан. Осылайша, оны "Германия дауысында" бағын сынап көруге шақырған.
Дидара Рақыш, тәлімгер:
- Диана өте талантты және еңбекқор қыз. Кішкентай кезінен вокалға, өнерге қызығушылық танытты. Оның сондай іштегі бір қабілеті бар. Ол сахнаға, өнерге қатал қарайды өзіне.
Жас өнерпаз күніне үш сағат дайындалады. Вокалдан басқа, хореаграфия мен сахна мәдениетінен де сабақ алады. Қазір ол аталған жобаға әлемдік 20 хит әнді әзірлеп жатыр. Олардың қатарында қазақ тіліндегі шығармалар да бар. Ал, байқау сарапшылары оның ішінен тек біреуін таңдайды.
Диана Еркін, жас әнші:
- Мен бұл конкурста жеңіске жетем деген ойдамын. Өзіме деген сенімім мол. Себебі, бар күш-жүгерімді салып, дайындалып жатырмын. Бұл маған берілген үлкен мүмкіндік. Сондықтан, жеңісті қолдан бермей, соңына дейін күресуге тырысамын.
Сонымен қатар, жуырда "Sting Tribute" музыкалық жобасында Диананың вокалдық мүмкіндігінің жоғары екендігін байқаған танымал украиналық композитор Михаил Брунский оны Еуропалық мюзиклі «Алладинге» қатысуға шақырған. Онда жас қазақ әншісі басты рөлдердің бірін сомдамақшы. Сондықтан, көп ұзамай ерекше дауыс иесін кәрі құрлықтың танымал сахналарынан көретін күн алыс емес.