Басты Жаңалықтар Алматыда Әлихан Бөкейханға арналған кітап-альбом таныстырылды

Алматыда Әлихан Бөкейханға арналған кітап-альбом таныстырылды

Алматыда «Әлихан Бөкейхан – қазақтың тұңғыш премьер-министрі» атты кітап-альбомы таныстырылды. Жаңа басылым Алаш қайраткерінің 160 жылдық мерейтойына орай басылған. Республикалық ғылыми-әдістемелік конференцияда «Қазақ» газетінің тарихи рөлі мен маңызы да сөз болды. Жиында ХХ ғасыр басындағы ұлттық баспасөздің қалыптасуы, «Қазақ» газетінің ел тағдырындағы тарихи орны және Алаш зиялыларының публицистикалық мұрасы кеңінен талқыланды. Ғалымдар мен медиа сарапшылар басылымның сол кезеңде ұлттың мұң-мұқтажын жеткізген басты ақпараттық әрі рухани мінбер болғанын атап өтті. Сондай-ақ Әлихан Бөкейханның публицистикалық еңбектерінің қазіргі медиа кеңістіктегі сабақтастығы сөз болды. Конференцияға бір топ ғалым мен студенттер қатысты. Іс-шара аясында келушілерге «Әлихан Бөкейхан... қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» атты деректі фильм көрсетілді. Жиын Алаш қайраткерлерінің, соның ішінде Әлихан Бөкейханның публицистикалық мұрасын жаңаша бағалап, «Қазақ» газетінің ұлт тарихындағы айрықша орнын айқындайтын маңызды пікір алаңына айналды, дейді тарихшылар.

Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
Алаш қозғалысы, Алаш идеясы қазақ халқы тұрғанда ешқашан ескірмейтін идея. Ол үнемі жаңғырып отырады. Әрбір буын алаштықтардың қызметін, өмір жолын қорытып, бойына сіңіріп отыруы керек. Оның қажеттілігін, оның ұлт үшін, халық үшін маңызын дұрыс түсініп, кейінгі ұрпаққа жеткізу керек.


Бөлісу