Басты Жаңалықтар Қазақстандық оқушылар EGMO 2026 бәсекесінен үш бірдей медальмен елге оралды

Қазақстандық оқушылар EGMO 2026 бәсекесінен үш бірдей медальмен елге оралды

Қазақстандық оқушылар EGMO 2026 бәсекесінен үш бірдей медальмен елге оралды. Қыздарға арналған беделді білім сайысына әлемнің 66 елінен 247 оқушы қатысқан.

Алматы әуежайында жүлдегерлерді туған-туыстары, ұстаздары мен достары зор қошеметпен қарсы алды. Ел мерейін асырған оқушыларға алғыс айтып, олардың жетістігі – күллі Қазақстанның мақтанышы екенін жеткізді. Биыл Францияның Бордо қаласында өткен олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы екі күміс және бір қола медаль иеленді. Алматылық оқушы Аружан Қайрат пен павлодарлық 11-сынып оқушысы Юлия Катунина күміс жүлдегер атанса, Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Вера Которова қола медаль жеңіп алды. Ұлттық құрамаға Марат Нысанбаев пен Антон Васильев жетекшілік еткен. Командалық есепте Қазақстан 66 елдің ішінде 20-орынға тұрақтаса, ресми еуропалық елдер арасында 10-орынды иеленді. Айта кетейік, 2017 жылдан бері Қазақстан құрамасы бұл олимпиадада тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде қоржынымызға 3 алтын, 16 күміс, 17 қола медаль және 4 құрмет грамотасы түскен.

Аружан Қайрат, EGMO 2026 халықаралық математика олимпиадасының күміс жүлдегері:
Маған ұйымдастырғаны өте қатты ұнады. Менің ойымша, олимпиада өте жоғары деңгейде өтті. Осы сайыстағы қуанышты сәттің бірі – бесінші есептің басшысы менің шығару жолымды ең әдемі деп бағалады. Болашақта басқа да қыздар менің жетістіктерімді көріп, мысалы, EGMO-ға және басқа да халықаралық олимпиадаларға баруға шабыт алады деп ойлаймын.


Бөлісу