Мектеп бітіру кештерін өткізу форматы түбегейлі өзгеруі мүмкін
Қазақстанда мектеп бітіру кештерін өткізу форматы түбегейлі өзгеруі мүмкін. Оқу-ағарту министрлігі Ішкі істер министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жаңа бұйрық жобасын әзірлеп жатыр. Осылайша, мектеп бітіру кештеріндегі аста-төк ысырапшылдық пен қаражат жинауға тосқауыл қойылмақ. Биылғы түлектерді не күтіп тұр? Тілшіміз Айжан Иманғали тарқатады.
Қымбат мейрамхана, ерекше мәзір, әдемі көйлек, жұлдызды қонақтар. Биылғы мектеп бітіру кешінде мұның бірде-бірі болмауы мүмкін. Сала министрлігі түлектер кешіне қатысты жылда айтылатын шектеулерге биыл мықтап кіріспек. Арнайы бұйрық жобасы әзірленіп жатыр.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Біріншіден, қаражат жинауға тыйым салынады, екіншіден, сол жерден нақты тайға таңба басқандай жазылған, жалпы мектептен тыс жерде, ойын-сауық орталықтарында, ресторандарда бас қосуға тыйым салынады деп нақты жазып отырмыз. Сондықтан бұған қатысты ІІМ өзі қадағалауға алады.
Бұған түрткі болған көпбалалы ата-ананың Президентке жолдаған үндеуі болса керек. Алматы тұрғыны баласы оқитын мектеп әр оқушыдан 200 мың теңгеден ақша жинап жатыр деп жанайқайын жеткізгені әлуметтік желіде кең тараған еді.
Қаржы саласында отыз жылдық тәжірибесі бар ана мектеп басшылығы мен білім басқармасына тиімді ұсыныс жасаған, алайда оны ешкім елемеген дейді. Осыған орай, мектеп бітіру кешіне ақша жинаған мектеп пен аудандық білім басқармасына сөгіс жарияланды. Ақша жинау демекші, министр Жұлдыз Сүлейменова мектептерде қаражат жинауға мараторий жариялауды ұсынды.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Сән-салтанаттан бас тартатындай, кішігірім салтанатты дүниені өткізуді биылғы аттестат табыстау кешінен бастағымыз келеді. Егер қаржы жинап қойған болса, бүгіннен бастап барлық ата-анаға қаржыны таратып беру керек деп санаймыз.
Кейбір түлектер мен олардың ата-аналарының пікірінше, мектеп бітіру кеші - адам өмірінде бір-ақ рет келетін қайталанбас сәт. Сондықтан бұл күнді ерекше салтанатпен, жоғары деңгейде өткізудің маңызы зор дейді.
Биыл елімізде 230 мыңнан аса түлек мектеп табалдырығын аттап, үлкен өмірге қадам басқалы тұр. Әзірге бірлескен бұйрық бойынша өзге қандай шаралар қабылданатыны белгісіз. Ендігі кезекте мектеп бітіру кешінің қалай өтетіні ата-ана мен мектеп басшылығының жауапкершілігінде.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы